Азамат Битан. Шын айтам, Абаев мырзаның түк қатысы жоқ!..

Ой-талқы Редакция таңдауы

Құрметті ағайын!

Ең алдымен сілтемені ашып кіргеніңіз үшін алғыс білдіремін. Тақырыпты «айқайлатып» қойғанымыз үшін айыпқа бұйырмаңыз. Күніне жүздеген сілтемелер көз алдымыздан зырғып өтіп жатқан шақта бұл әдіс те кейде керек екен. Бірақ расымен бұл жазғаныма Абаев мырзаның еш қатысы жоқ!..

Әу баста

қазақ әкелеріне бағыттап ашқан сайтты кейін «Отбасылық танымдық-тәрбиелік» деп өзгерттік. Себебі әкеге қатысты мәселелерді отбасынан ажыратып алу мүмкін емес екен. Бұл бір жағы оқырмандар саны артсын деген ниеттен туған әрекет екенін де жасырмаймын.

Көп сайттан артта қалсақ та, тәубе, шаруа тоқтап қалған емес. Оған Сіздердің де орасан зор үлестеріңіз бар деп білеміз. Дәл осы жерде тағы да алғыс айтамын!

Тендер жей алмадық

Ашығы, бұл сайттың жұмысы тек қана еріктілердің көмегімен алға басып келеді. «Түсіпбаева сырын ашты», «Есентаева шалбарын шешіп тастады», «Тұрсынбаева интимдік тақырыпқа көшті» немесе «Наташа Королева Бүркітті ұмыта алмай жүр екен» деген секілді елдің берекесін қашырып, көздің нұрын ұрлайтын материалдарды бермейміз деп әуелде ант-су ішкенбіз. Аллаға шүкір, сол уәдеден тайған емеспіз. Ол індет рейтинг қуып, ұтқан тендерін қалай ақтасам екен деп жүрген ақылды адамдардың ісі. Әзірге бізге ондай ақыл кірмей тұр.

Алмаймыз деген жоқпыз…

Негізі тендер алмаймыз деген жоқпыз. Алудың реті келмей қойды. Кім білген, алған күнде Абаев мырза бастаған министрлік тапсырмасын жүзеге асыру үшін әрқандай әрекеттерге барар ма едік. Ендеше қайыры осы шығар. Десек те мемлекет қаржысының қырық тесік арықтарға сіңіп жоқ болып жатқаны көңілге қаяу салады. Халыққа зәмзәм судың жетпей жатқаны сондықтан. Меніңше, қазақтың газет ісін өлтіргендер көп ұзамай сайт ісін де өлтіріп тынады. Парасатты, терең ойлы, әдепті оқырман жасау кей басшыларға керек емес көрінеді…

Құрметті оқырман!

«Талбесіктің» тірлігі әрі қарай да жалғасады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды алыптардың танымдық дүниелері де жариялана береді. Бұл жазбаны күздің алғашқы айында жасаған шағын хабарламамыз деп қабылдаңыз. Ұлтқа қуат, жастарға жігер беретін материалдарды жариялауды тоқтатпаймыз. Аптасына бір пайдалы мәлімет ұсына алсақ, соның өзі мерейімізді өсіреді. Айтар ой, толғандырған мәселеңіз болса, бізге жазыңыз. Шамамыз жеткен жерге дейін шабуға әзірміз.

Берер жылу,

жасар шашуыңыз болса, одан да бас тартуға жоқпыз. Сайттың төменгі бөлігінде көрсетілген байланыс нөмері арқылы «Талбесіктің» тамырына нәр бере аласыз. Қай банктің көмегіне жүгіну керектігін Сіз жақсы білесіз. Иә, дәл өзі, қызыл банкті айтып отырмыз…

Таңдаған жол, көздеген мақсат айқын. «Алла!» деп амал жасай береміз!

Құрметпен, Бас редактор

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған