Мәжілісменнен кейін мұғалімдер пікір білдірді (видео)

Ой-талқы Редакция таңдауы

Өткен аптаның басында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында бірқатар мәлімдемелер жасады.

Осы жиында депутат Бекболат Тілеухан білім беру жүйесіндегі проблемалардың уақыт өткен сайын асқынып бара жатқанын айтқан еді (төмендегі бейнежазбадан тамашалай аласыз).

Мәжілісменнің бұл мәлімдемесінен кейін фейсбуктегі 60 мыңнан астам жазылушысы бар «Қазақстан ұстаздары» парақшасында тәжірибелі педагогтар мен ата-аналар баланы 6 жастан мектепке беруге қатысты ой-пікірлерін ортаға салған. Оларды іріктеп, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

– «Негізі баланы мектепке 7-жастан берген дұрыс. Баланың аз да болса есі кіреді. Үлкен немерем 1-сыныпқа 6 жастан барды. Ойын баласы, сабаққа деген ынтасы жоқ. Оқуға деген қызығушылығы 7 жасқа толған соң оянды. Келесі немере қызым биыл 6 жасқа толды, бірақ 1-сыныпқа бермедім. Алдын ала дайындау орталығына барады. «Оқуды кім екен шығарған?» дейді. Өзімізді 1-сыныпқа 8 жастан берді, ештеңеден құр қалған жоқпыз. Бəріне үлгердік». Клара Рахметова.

– «7 жастан берген дұрыс. Бәріне де үлгереді. Тек өз қабілеті болып, оқимын деген баланы 6 жастан беруге қарсы емеспін. Көрші Өзбекстан елінде 6 жастан бала мектепке барса, ата-анасына айыппұл төлетеді екен. Мектептер қабылдамайды. Бізде керісінше, 6 жастан мектепке беру міндеттеліп жатыр. Өткен жылы 5-6 жастан 1 сыныпқа келетін балаларды 1 ай оқыттым. Олардың ішінде қалам ұстауды білмейтіндері де кездесті. Кейбір оқушылар 1 ай келіп, 1 таяқшаны әрең салды. Олар 1 сыныпта қалай оқитынын көз алдыма елестете алмадым». Гаухар Аккулова.

– «5 жарым жасында 1 сыныпқа барды. Қазір 2-сынып оқып жатыр. Әлі 6 жарымда. Бала тек ауызша, практика сабақтарына жақсы. Жазуды да жазады. Көп оқып, жазса шаршап, ойнағысы келіп тұрады. Негізі талабы жақсы, белсенді жауап беріп, қатысады. Бірақ көп жағдайда ойлануы, қимылы баяу, ашуланшақ». Айлана Сембиева.

– «Менің немерем желтоқсанның 2-інде 6-ға толады. Өзі мектепке барамын деп құлшынып тұрғасын апарған едім, қолына қалам ұстап көрмеген бала үйреткенді ұғып жатыр. Бірақ келесі оқылатын әріптерді алдын ала оқытып жаттықтырып, алу мен қосуды ауызша жаттатқызып жатырмын. Шүкір, меңгеріп жатыр. Негізі баланың қабілетіне қарап берген жақсы». Құрма Анесова.

– «Отыр ғой алдымызда, кітабыңды аш десең бетіңе қарап, дәптеріңді аш десең артына қарап. Неше түрін көріп отырмыз. Еркеліктен кем болған балалар отыр. Шіркін-ай, ең азы аяқ-қолын жинай алмайды». Жанаргүл Шарғабаева.

– «Бастауыш сынып мұғалімімін. Еңбек өтілім 36 жыл. Меніңше, 6 жастан өте жақсы оқып кететіндері аз. Мен 7 жасты қолдаймын». Жайлан Сағынова.

– «7 жастан бару керек! Қазіргі 7-сыныбымда 6 жас пен 7 жастан келгендер бірден байқалады. Ерте келген балалар баяу, əлсіз, не бойы өспей, не ойы өспей келе жатыр. Оны сабақ беріп отырған мұғалім ғана біледі. Министірлікте отырғандар емес!» Әлия Әлиқызы.

– «Баланың зейініне қарай берген дұрыс деп ойлаймын. Әр ата-ана өз баласының қабілетін біледі ғой, сол бойынша шешім жасаса, ең дұрысы сол. Қабілеті бар бала 6 жастан да алып кетеді, қабілеті әлсіз бала 8 жаста 1-сыныпқа барса да қабылдауы жай болады». Камила Мамырбек.

– «6 жас балаға өте қиын. Осындай балалармен 37 жыл жұмыс жасап келе жатырмын. Бұл балалар ойын баласы тез ұсынып,тез ұмытады. Сана-сезімі өскені дұрыс. 7 жастан бастап 1-сыныпқа беруді қос қолдап қолдаймын. Шикі балаларды анасының омырауынан айырып, 4, 5 жаста мектепке әкелу, үлкен қасірет. Сәби шағын ойынмен өткізсін. Ертең 12 жылда жалығып кетеді. 7 жастан Әліппені қойғандар қор болып жүрген жоқ қой. Сәби тағдырын ойыншық қылмау қажет!». Ләйлә Есенова.

– «Мен бастауыш сынып мұғалімімін. Баланы жеті жасында бірінші сыныпқа берген дұрыс». Дарья Шамахай.

– «Менің жиен немерем жақында 4 жасқа толды. Балабақшаға барып жүр, қызыммен сөйлесіп отырсам, «кел, сабағыңды қара» деп жатыр. Не сабақ десем, балабақшада жазып үлгермегенін үйге беріп жібереді дейді. Ұрсып отырып, зорға жаздырамын деді. Енді балабақшаның өзі үйге тапсырма берсе, бала оқуды жек көріп қалмай ма?! Не жазады десем, әріп дейді. Олай болса шығарып ал, миын ашытпа дедім. 4 жасар бала ойын баласы ғой, шынымен балабақша бағдарламасында осы жастағы балаларға әріп үйрете ме? Сонда мектепке келгенде не үйренеді?». Гүлжан Жұмаділова.

– «12 жыл оқу миға сыймайды. Әйтеуір 12 жыл оқу болғасын, 8 жыл жалпы білім алып, қалған 4 жылында мамандыққа даярлық болсын. Нақты мамандық болмаса да, бір бағытты тереңдетіп оқысын. Әрі қарай колледж, универлерді қабілеті барлар, мектепте жақсы оқығандар қысқартып, жылдам оқып шығуға мүмкіндік алатындай бағдарлама жасау керек». Жан Керім.

– «Кеңес заманында балалар жеті жасқа толғасын баратын. Туған әпкем айтушы еді, сыныпта жеті жасқа толмаған қыз бала қуыршағын мектепке алып келіп, парта астына қойып, мұғаліммен ісі жоқ, қуыршағына сөйлеп отыратын деп. Өзімнің де байқағаным, қызымның сыныптасы жеті жастан асып мектепке барған қыз бала қызыммен ойнауға келгенде, мектепте болған жағдайларды үлкен кісіше баяндап беретін. Жеті жастан қабылдағанды мен де қостар едім». Ұлмекен Гилажетдинова.

– «Бала 6 жаста мектепалды даярлық сыныпқа барса, сосын 7 жаста 1-сыныпқа барса, дұрыс болар еді деп ойлаймын». Гүлдана Кирбасова.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған