РҮСТЕМ НҰРКЕНОВ: ДӘУЛЕТКЕРЕЙГЕ АРНАЛҒАН САЙТ БҰЛ ҮЛКЕН ИДЕЯНЫҢ БАСТАМАСЫ ҒАНА

Ақпарат Редакция таңдауы

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіден dauletkerei.kz деген сайт ашылды деп оқып қалдық. Сайтты ашып қарасақ күйші Дәулеткерейге арналған дүние екен. Бастамашы – Күйшілер одағы. Мән-жайды білу үшін сол одақтың төрағасы Рүстем Нұркеновпен аз-кем әңгімелесіп едім.

– Қайырлы күн. Күйші Дәулеткерей Шығайұлына арналған сайт құтты болсын. Білуімше жеке күйшіге арналған сайт жоқ. Мұндай идея қайдан келді?

– Биыл Дәулеткерей күйшінің туғанына 200 жыл. Туған жылында біраз түрлі пікір айтылғанымен, Петр Аравин есімді ғалым құжат түрінде дәлелдеп кеткен. Яғни 1820 жылы туған екен. Сондықтан ойлана келе бір іс атқарайық деп шештік. Әрине, концерт өткізуге болатын еді. Бірақ ол да өтеді-кетеді. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі күй байқауын жариялап отыр екен. Біраз ойланып, бұрын болмаған нәрсе жасайық дедік. Өзіңіз дәл айтқандай жеке күйшіге арналған сайт жоқ. Күйші дейсіз, күйдің өзіне арналған сайт жоқ. Ұлы күйші ғой, осылай дәріптейік деп шештік.

– Ішінде қандай ақпарат бар?

– Артық ештеңе жоқ. Бұл ақпараттық емес, танымдық сайт десек болады. Өмірбаянды өзіміз дайындап шықтық. Жыл-жылмен ұсынып. Күйлер деген айдарда бір күйдің тарихы, аудиожазбасы және нотасы бар. Нота білмейтін адам күйін видеосабақтардан үйреніп алуға мүмкіндігі бар. Тек Дәулеткерейге қатысты нақты деректерді Дәулеткерейтану атты айдарға салып отырамыз. Және күйшіге қатысты құжаттарды да ұсынып жатырмыз.

– Бір күйшіге арналған сайттың оқылымы аз болмай ма? Мысалға «күй.кз» деп барлық күй мен күйшілерді қамтитындай дүние неге жасамасқа?

– Бірінші сұраққа жауап. Оқылым аз болады. Бірақ біздің мақсатымыз оқылым не рейтинг емес, күйші туралы іздеген адам болса барлығын бір жерден тапса деп едік.

Екінші сұраққа жауап. Әрине, ондай жасағымыз келеді. Бірақ оның жүгі ауыр. Тұрақты қаржыландыру болмаса мүмкін емес. Екіншіден барлық күйші бір жерде топтасып тұра ақпарат табу қиынға соғады. Меніңше жеке дара сайт та, барлық күйші қамтылған сайт та болса дұрыс болар.

– Қаржыландыру деп қалдыңыз.

– Түсіндім. Ешкімнен бір тиын да алмадық. Таза өзіміздің қалтамыздан шығардық. Күй ноталарын дайындауға Балқаштағы Жақсылық ағамыз көмек берді. Бірнеше адам Дәулеткерейге қатысты құжаттарды жіберді. Бары осы.

– Егер министрлік не облыс әкімдігі қаражат бөлеміз деп айтса…

– Онда сайттың орыс пен ағылшын тілдеріндегі нұсқасын жасатар едік. Іздегенде бірден табылу үшін SEO оптимизация дегені тағы бар.

–  Тағы қандай жоспар бар?

– Күйшілер одағының биылғы алғашқы жарты жылдыққа бірнеше іс-шара жоспарланған еді. Пандемия деп бәрі тоқтатылды. Қазір бірдеңе нақты істейміз деп айту да қиын. Бұйырса ойда бар, рұқсат етсе жүзеге асырамыз.

Ал сайтқа келетін болсақ, Дәулеткерейге арналған сайт бұл үлкен идеяның бастамасы ғана. Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» еңбегін білесіз. Сондағы барлық күйшілерге бір-бір сайт арнасақ па деп едік. Әлемдік кез келген бір композитордың өз сайты бар. Қазақтың ұлы күйшілері де осыған лайық. Әрине, биыл толық жасай алмайтын шығармыз. Дегенмен бұл ойым 1-2 жылда толық жүзеге асар. Қолдау болса болғаны.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған