Балам телефонға тәуелді. Не істеймін?

Редакция таңдауы

Балаларымыздың смартфон не планшетке деген шектен тыс қызығушылығына тікелей ата-ана, өзіміз айыптымыз. Яғни біздің гаджеттерге деген тәуелділігіміздің кесірінен әр іс-қимылымызды бағып отырған баланың психологиясы бұзылады. Енді оларға әдеттегідей ойыншықтармен ойнаған қызық емес. Асқынса сыртқа шығудан да тартынуы мүмкін. Бұл тек бірлі-жарым емес, ауыл мен қаладағы көптеген отбасында кездесетін өте қиын жағдай.

Қиын жағдайдың шешімін барлығымыз баяғыда біліп қойғанбыз. Иә, бала түзелсін десек, ең бірінші орында үлкендер өз-өздерін қолға алып, ақылға келуі керек. Демек:

  1. Әлеуметтік желілерден бей-берекетсіз келіп жатқан бейнежазбаларды, неше түрлі суреттерді тамашалап уақыт өлтіруді тоқтатыңыз. Үйде балаңызға смартфон пайдаланып отырғаныңызды мейлінше көрсетпеуге тырысыңыз;
  2. Дастархан басына жиналғанда телефоныңызды дыбыссыз режимге ауыстырып, басқа бөлмеге қалдыруды әдетке айналдырған жөн. Тіпті бұл отбасы мүшелерінің барлығына қатысты тапсырма болсын;
  3. Балаңыз жылап, мазаңызды алып жатса қолына телефон не планшет ұстата салып, оңай жолмен жұбатуды доғарыңыз. Бәлкім сіз осы әрекетіңіз арқылы кей шаруаларыңызды реттеп аларсыз. Алайда балаңыздың техникаға деген тәуелділігін онан сайын арттырып, араңыздағы қарым-қатынасты өз қолыңызбен бүлдіріп жатқаныңызды естен шығармаңыз;
  4. Мультфильмдерді көрсетіңіз, бірақ шектеген дұрыс. Бұл теледидарға да қатысты заңдылық. Айталық, «Мансұр, 30 минуттан кейін мультфильмді тоқтатамыз», «Іңкәр, мынау соңғысы, телефон қызып кетті» деп кішкентайларыңызбен келісімге келіп үйреніңіз. Негізі мультфильмдерден бөлек кішкентайлар қоршаған орта, жан-жануарлар туралы деректі фильмдерді де қызығып қарайды. Тура бүгін бақылаңыз;
  5. Шыдам, шыдам және шыдам. Күшке салып, дауыс көтеру арқылы мәселені онан сайын ушықтырмаңыз. Кей жас өркеннің ер жетіп, тілді алмай дегенін істетені әуелі үлкендердің тарапынан болған қателіктерден. Бірден нәтиже көруге асықпаңыз. Асықтырмаңыз;
  6. Жұмыстан шаршап келсеңіз де, бір мезет сыртқа алып шығып, серуендегенді әдетке айналдырыңыз. Телефонды дыбыссыз режимге ауыстырып, әңгімелесіңіз. Балмұздақ жеңіздер. Бастысы перзентіңізге шын жүректен көңіл бөлсеңіз, оның барлығы өзіңізге тек жақсылық болып қайтатынына сеніңіз;

Құрметті замандас!

Сіз бұл мәселені шешуді қалай ұсынар едіңіз? Өз әдіс-тәсілімізді ортаға салып, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына үлес қосуға шақырамын.

talbesik.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған