Әйгерім Бодыбайқызы: «Атамның әжеме деген махаббаты шексіз еді»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Үлкен үй бір көше әрі орналасқан. Атам мен әжем сонда әкемнің інісінің қолында тұратын. Әрбір кеш әкем, анам  үшеуміз сол үйге баратынбыз. Өзіммен тете өскен сіңіліммен асыр салып ойнауға асығушы едім. Бірақта ойын ұзаққа созылмайтын. Себебі дастархан басында қызу әңгіме айтылып жатады, бізге ол әңгіме бір ертегі іспеттес. Сіңілім әжемнің жанына, мен атамның жанына жайғаса отырып алып әңгіме тыңдаймыз. Сондағы айтылатыны өмірден көріп білгені, қалжыңы қағытпасы бар қызықты әңгімелер. Кештетіп өз үйімізге қайтамыз. Әкем мені арқасына салып көтеріп алады. Жол қысқарсын деп үлкен үйдің огородынан өтеміз. Анам мен әкем өздерінше әңгіме айтып баратын. Ал мен атамның әңгімесін ойша елестетемін. Әрбір күн сол ертегідей болған ескілікті, даналықты, өнегелі әңгімені естуге құштарлығым артатыны соншалық, кеш батқан сайын атама баруға асығушы едім. Мен сол өнегелі әңгімені тыңдаумен өстім. Бауырмашылдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, айтқан ақыл кеңесін жадымда түйе білдім. Менің мінезімнің, білімімнің, өмір жолындағы ұстанымымның қалаушысы атам!

Ерік жігердің, ақыл парасаттың иесі болған, шырайы жарқын, кесек ойлы, ақ жүзінен нұр шашып тұратындай болмысы әліге дейін көз алдымда.

Менің атам Құлахметов Сейділдә 1925 жылы СССР кезіндегі Ташкент облысында дүниеге келген екен. 1928 жылы атамның әкесі елдің жағдайы оңалып, колхоздастыру болып туыстардың басы бір жерге орын алып жатқаны туралы ағайыннан хабар алады. Көп ойланбастан кіндік қаны тамған жер, Қызылорда облысына қайта көшіп келеді. Атамның ер жетіп азамат болған кезі тағдырдың қиын қыстау шағына туралас келген. Ағасы Құлахметов Сейдахмет 1942 жылы майданға аттанады. Сол кездегі 16 жастағы жас жеткіншек (менің атам) қартайған әке-шешеге қарайласып, жастайынан қара жұмысқа кірісіп кетеді. Соғыста отан үшін жан аямай күресіп жатқан қандастарына азық- түлік тасып көмек көрсеткен.

1943 жылы жалғыз ағасы Сейдахметтің соғыста қаза тапқаны жайлы туған туысқа қаралы қағаз келген екен. Отбасының қабырғасын қайыстырған хабар оңай тимесе керек. Жастайынан соғысқа аттанып отбасын құрып үлгермеген Сейдахмет атамыздың суреті қара шаңырақтың төрінде ілініп тұратын. Атам суретке бір қарап, терең күрсініп ағасын еске алатын: «Сұм соғыстың жалмағаны ай… Ұрпақсыз кетті-ау, атаусыз, ескерусіз қалды» деуші еді.

Атам өте еңбекқор, іске адал жанның бірі еді. Қызылорда облысында күрішші, колхозшы болып еңбек еткен. Тағдырдың тауқыметін кешіп, қара жұмысты жан аямай атқарған жан жүдеулеу көрінуі керек емес пе. Керісінше менің атам қара бейнетті кешсе де ақ құба, сұлу реңді, бойы ұзын сымбаты сақталған кісі еді. Жас кезінде жеңгелері атамның сұлулығына тамсанып «Ақ бота» атап кеткен екен. Ес білгелі кімнің немересі боласың деп сұраса Ақботаның деп жауап беретінмін. Бірде менің өз әкем Бодыбай мектеп қабырғасында оқып жүргенде спорттан аудандық жарысқа барыпты. Сондағы мұғалімдер қатысушылардың аты-жөнін сұрап түгелдесе керек әкемнен «фамилияң кім?» – деп сұрапты. Әкем ойланбастан Ақботаевич деген екен. Мұғалім қолындағы мектептен жіберілген куәліктің көшірмесіне бір қарап, әкеме бір қарап: «бізге Сейділдаевич керек» деп әкемді жарысқа катыстырмай шығарып жіберген екен. Иә, бүкіл ауыл Ақбота деп атап кеткен атамның келбетіне сай ақыл-парасаты мен білімі, көркем мінезі ұрпағына үлгі.

Тәуелсіздік алғанға дейін қасиетті «Құран» кітабы ауылда бір-екі кісіде ғана болып, қол жетпеген уақытта атам «Құран кітабын өз қолымен көшіріп жазып, мұқаба жасап, ақ матамен қалта тігіп төрге іліп қоятын болған. Кітапты оқығанда атамның сауаттылығына, жазу шеберлігінің кереметтілігіне таңдай қағамын. Атамның әжеме деген махаббаты шексіз еді. Көз қарастан, сыйластықтан, жылы сөздерден бәрі сезіліп тұратын. Көрген кісілер «Қыз Жібекпен Төлеген» деуші еді. Тұла бойына адамгершілік, адалдық, игі жақсы қасиеттерді сіңдірген менің атам 10 баланың әкесі. Тәрбие тал бесіктен басталады емес пе?! Мен ес білгелі атам немересін алдына алып :

                       Ла иллаха иль Аллаһ,

                      Мұхаммеду расулуллах.

                      ИлАллада пайда бар,

                      Шамшырағың сайлап ал.

                      Біздің Наконай туғанда,

                      Ту биені сойғанда:-деп тербетіле отырып әндететін. Имандылыққа,кішіпейілділікке, адалдыққа бала кезден баулып өсіретін. Атадан қалған ұрпақ бір үлкен ауылды әулетпіз. Көрегенділіктің, өнелегелі сөздің, асқан мейірімнің, кеңпейілділіктің көзі болған құрметтім!

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған