Меден Ырғынбек: «Әкемнің тұлғасына қарап, атамды елестетем»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Бұл сурет менің әкемнің жалынды жігіт шағында түскен суреті. Басында алтайдың алқазыл түлкі тымағы, үстінде елтірі ішігі мен  қарағайдың қабығына боялған тері шалбары, аяғында саптама етігі, бір жағынан Алтайдың азулы аязына ауыздықтатқызбайтынын айқындаса, бір жағынан  қазақы сал –  серіліктің жалғасын  жалғап тұрғандай.

Мен атам Кәмалиді көрмедім, бірақ әкемнің асыл тұлғасына қарап  атамды елестеттім. Атам жүрегіне иман ұялаған ауылына алғаш мектеп ашып асыл дінімізді ұрпақ жүрегіне ұялатақан ұстаз болған, сонымен қатар он саусағынан өнер тамған күйші, алтын мен күмісті қақтап, қара темірді қамырша илеген шебер ұста болыпты. Бір сөзді, айтқанын істейтін, қатал мінезді , қайтпас, қайсар, өр рухты жан екен. Ал әкем атамның жолын жалғап жеті жасында құранды жеттік біліп, елгезектігімен домбыра тартып, өлең жазатын, шешен сөйлеп шешім қабылдай білетін қасиетті қабылетінің арқасында ел алқауына бөленеді. Он үш жасында әкесінен айрылса да өр рухы өзін өрге сүйреді.  Әкем 63 жасында дүниеден озды.

Алтайдан Алматыға оқуға аттанарда анам ақ дамін алдыма қойып, ақтілегін ақ жүрегінен ақтарса,  әкем  ақ батасын берді. Анам ауылдан екі атқа мінген әкелі балалы екеуімізді  көз  ұшынан көрінбей кеткенге дейін күн сап қарап тұрды, ал әкем мені жайлаудан ойға түсіріп,  көлікке салып өзі менің астымдағы атты аулға алып қайытпақ. Жол бойы не бір аңгімелер, өмір жолыма азық болатын ақыл кеңестер айтылып келеді. Етекке түстік қоштасар сәт жақындаған сайын жүрегеім егіле бастады. Темір тұлпарлар ағылып жатыр, мен әкеме – «ауылға қайта беріңіз, аман болыңыз», деп қоштаспақ болып едім, әкем: «ұлым , бұл жер ойпаң жер екен, анау биік жотаның басынан биік жерден қоштасайық» -деді. Әкелі балалы екеуіміз қимастықпен екі жаққа жол тарттық. Әкем ақ батасын берді. Кейін ойласам, әкем сол кезде науқастанып жүріпті, мен алаңдамасын деп ауруын жасырыпты. Көп ұзамай бәрімізбен мәңгілікке қоштасты. Менімен биік жотаның басында қоштасқаны енді ойласам абыз кеуде әкемнің “ Өлсем бір шұңқырдамын, тірі болсақ бір төбедеміз” деп өзінің сырқат екенін  көп ұзамайтынын сездіргісі келмей мені алаңдамай ата жұртқа аттансын деп ырымдағаны екен ғой. Әкемнің бұл ескі суреті жүрегімнің төрінде сақтаулы тұр, көрген сайын көңілге әкеме деген сағынышым басылғандай болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған