«Оянный белеттегі» сарбаз туралы әңгіме

"Менің атам..." байқауы Арнайы жобалар

Бұл атам Жәкітайдың «1945 жылдың күзінде, соғыстан елге келгеннен соң «оянный белет» (военный билет дегені ғой) үшін түскенім еді» дейтін ең көне фото-суреті. Атам барыс жылы, яғни, 1902 жылы туған. Сонда мына суретке ол кісі 43 жасында түскен. Жалпы соғыс туралы  әдейілеп сұрасаң сөзді басқа жаққа бұрып, айтқысы келмейтін. Атам марқұмнан естіген сол аз әңгіменің бірі осы.

«…Соғыстың соңына таяп, неміс қашып, біз қуып келе жатқан кез. Бірде «Шегініңдер, нәзәт-нәзәт» деген бұйрықпен қардай жауған оқтан бұқпалап, бет-бетімізге қашып кеткенбіз. Өте қатты бүйірлеп жүгірдім бе қайдам, әйтеуір тобымнан бөлініп, бір қалың орман ішінде аптаға жуық адасып жүрдім де қойдым. Аштықтан бұралып, шөлден қаталап, өлдім-талдым деп келе жатып бір соқпаққа тап болдым. Қуалап біраз жүріп едім, алдымнан қалың ағашпен бүркемелеп жасаған әскердің жасырын баспанасы шықты. Аллаға сиынып, мылтығымды кезей ұстап есікті теуіп кірдім. Ішінде отыз-қырық немістің солдаты. Бентөпкемнің затуорын сарт-сұрт қайырғанымда тегіс қол көтеріп, тұрған жерлерінде тізерлей кетті. «Бір мылтықтың аузына жүз кісі сиып кетеді» деген сол. Өздері әбден жадап-жүдеген. Көздерінде үрей. Сол жерден талай уақыт аттап баспай қамалған сияқты. Қашанғы кезенейін, соңғы қайратымды жинап, қаһарланып тұрғаныммен жайым белгілі. Сәлден соң мылтығымды түсіріп, грәнатымның бірін оңтайлап алдым. Бопсалап отырғаным ғой. «Су, тамақ» деп ымдадым. Дереу бірі су мен нан, ботқа алып келді. Отыра қалып қомағайланып соғып жатырмын. Немістер де жайлана қалды. Мосқалдау біреуі алға шығып, маған ымдап жатыр. «Сен бізді, біз сені көрген жоқпыз» дейді. Түсініп, басымды изеп, белімдегі құтыны алдарына лақтырдым. Жалма-жан су толтырып және бір дорба тоқашты алдыма тастады. Алдым да бұрылып жүре бердім. Ұзап кеткенімше кәлиманы мың қайырған шығармын. Ту сыртымнан атады-ау деген қауіп қой. Атпады. Содан-ақ, сәбеттің әскері іргеде тұр-ау деп шамалағам. Топшылауым тура шықты. Көп ұзамай қалың орыстың ортасына тап болдым. Тергеп-тергеп, бір әтіряттың қатарына қоса салды.

Сөйтіп, соғыста немістің қолынан да ризық-несібеміз бұйырды. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген. Сондағы немістердің берген тоқашының дәмі осы күнге дейін таңдайымнан кетпейді. Әй, бірақ, қара көбейткеннен басқа бітіреріміз жоқ, Жәңгір құрдасым екеумізді соғысқа салып жүрген сәбет үкіметінде ес жоқ-ау деймін» деп мұндай әңгімесінің соңында атам жарықтық кеңк-кеңк күліп отырар еді…

Төлеген Жәкітай,

журналист

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған