Ерлан Рысқали, қамқор әке: «Балаңа иіліп төсек, жайылып жастық бола біл»

Әкемен әңгіме

«Әкемен әңгіме» жобасы әрі қарай жалғасады. Ал дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәл қазіргі уақытта Еуропада отбасымен бірге білім жолында жүрген Ерлан Рысқали ағамызды әуелден осы тақырып төңірігенде айтары бар әкелердің бірі деп білетінмін. Сәті түскен сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

Құрметпен, «Talbesik.kz» сайтының

жетекшісі Азамат Битан.

 

 – Ерлан аға, елден алыста жүрсеңіз де сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Әңгімені сіздің әкеңізден бастасақ. Ол қандай адам еді, қанда әке еді?

– Менің әкем өте қарапайым, парасатты, сабырлы, мәдениетті, білімді адам еді. Рас, көп жағдайда әкеміз көптің шаруасымен сыртта жүрді. Оның үстіне бірқатар жоғары қызметте болған адам. Алайда үйде, әсіресе дастархан басында әркез көрген-білген жақсы әңгімелерін баяндап, ар-ұяттан аттамау керектігін жиі еске салатын. Әсіресе әдеп, намыс, адамгершілік, мәдениет тақырыптарына қатысты ғибратқа толы әңгімелерді ылғи айтып отырушы еді. Ауылда жүрсе де республика бойынша, тіпті әлемде орын алып жатқан түрлі оқиғалардың түгелін біліп жүретін. Газет пен кітапты өте көп оқитын. Домбырада, баянда ойнады. Қолы қалт еткен сәтте балаларымен әңгімелесіп, түзу дүниелерге баулитын.

– Бүгін енді өзіңіз де әкесіз. Балаларыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?

– «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» дейді. Бұл рас сөз екен. Иә, өзіміз де әке атандық. Барынша шаңырағымда көрген тәрбиені, ата жолын кішкентайларымның санасына сіңіруге тырысып бағамын. Біреудің ала жібін аттамау, обал-сауапты ажырату, ұят деген қасиетті тереңнен ұғыну, сондай-ақ үнемі ізденісте болу, еңбекқорлық, осының барлығын мейлінше жиі айтып-үйретіп отырамыз. Шамамыз келгенше. Балаларыммен бірге әр күні уақыт өткізу мен үшін үйреншікті жағдай. Тіпті міндет. Қай досымен қалай сөйлесіп жүр, кіммен ренжісіп қалды, кіммен келіспей жүр, соған дейін сырттай бақылаймыз. Бала ғой, өзінікін дұрыс деп ойлауы мүмкін. Сондай кездерде бағыт-бағдар беремін. Достарымен қайта табыстырып жіберуге тырысамын. Күнделікті дастархан басында ақыл-кеңестерімді айтамын. Онсыз мүмкін емес. Әйтеуір шамам келгенше балаларыма көбірек көңіл бөлуге бармын. Оның үстіне мынау неше түрлі ақпарат жан-жақтан қаптап жатқан шақта ата-ана баласынан көз жазып қалмауы керек деген ұстанымды берік ұстанамын. Қазірден бақыламасаң ертең бармағыңды шайнап қалуың әбден мүмкін.

 

– Дұрыс екен. Ерлан аға, «Әкенің перзентіне деген махаббаты ішінде сақталуы тиіс» деген пікірге қосыласыз ба?

– Азаматжан, менің ойымша бұл мәселе әр пенденің өз жаратылысына, мінезіне байланысты. Рас, менің кей замандастарым баласын жақсы көргенді сыртқа шығара бермейді. Ал енді біреулері сүйіспеншіліктерін ешкімнен жасыра қоймайды. Меніңше, балаға мейірімді мейлінше көбірек төге беру керек. Әлбетте, қажет жерде тиып отырасың. Бір жағынан досыңдай сырласа білсең қандай жақсы! Кей кездері өзің бір дүниелерді білмегенсіп оны данышпан қылып қою керек. Сонда бала өзіне жауапкершілік алады. Анық білетінім, сен перзентіңе иіліп төсек, жайылып жастық бола білсең, ол да сені құрметтейді, құшақтағысы келіп тұрады.

– Менің білуімше біздің кей әкелер бұған арланатын сияқты…

– Бұл ешқандай да арланатын жағдай емес. Керісінше, осы бір қасиет көбімізге жетпей жататынын байқаймын. Яғни өз басым балаларыма ішімдегі, жүрегімдегі сезімдерімді жария білдіріп тұруды жөн санаймын.

– Сізге ситуациялық сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Айталық, сіз әлдебір сапардан келсеңіз, қымбат тұратын бір дүниеңізді кішкентайларыңыз сәл бүлдіріп қойыпты. Ойынның қызығына кіріп кеткен болса керек, оның сізге тиесілі дүние екені де естерінен шыққан. Не істейсіз? Осы жағдайдағы Ерлан ағамыздың бейнесі қандай?

– Иә, Азамат, осыған ұқсас талай оқиғалар орын алған. Өмір ғой, балалы үй базар деп жатады. Бірақ шын айтам, ұрысқан емеспін. Жазалағаным рас. Бұл тұрғыда оларға қояр талабым ерекше.

 

– Мәселен?

– Мәселен, бүгін-ертең үйдің тазалығына жауаптысыңдар деймін. Анау бөлмені жинастырып қою керек екен дегендей. Дауыс көтеріп, ашуға беріліп, қол көтерген емеспін. Әркез ақылмен түсіндіруге тырысамын.

– Соңғы сауал. Қысқа қайырсаңыз да рұқсат. Қазіргі қоғамға не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Қазір нендей дүниенің құны түсіп, қадірі қашқан кезең. Жақсы көріп, құмартып отырған нәрсең екі минут өтпей жаман дүниеге айналып кетуі мүмкін. Менің анық білетінім, қоғамға ар ілімі жетіспейді. Сол бір қадірлі қасиетімізден қол үзіп қалмасақ екен. Ар ілімі кеткен күні арсыздық салтанат құрмай ма?! Алла бетін әрі қылсын.

– Ерлан аға, Talbesik.kz сайтына сұхбат беріп, ой-пікірлеріңізбен бөліскеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын. Аман жүріңіз.

– Әумин, жақсы Азеке.

Ескерту: Сұхбатта пайдаланылған бейнежазбалар сұхбат берушінің әлеуметтік желідегі парақшасынан рұқсаты арқылы алынды.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған