Ыбырай Алтынсары. Сәтемір хан кімнен үлгі алды?

Алаштың әлдиі

Сәтемір жеті жасар күнінде атасынан жетім қалыпты. Күндердің бір күні Сәтемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі, тұра салып тағы да өрмелейді, манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі. Үшінші рет құмырсқа және тырмысады; ақыры бар күшін салып, қисая-мисая барып, тамның төбесіне шығып кетеді. Мұны көріп Сәтемір ойға қалды: Құдай Тағаланың жаратқан жан-жануарының ең кішкентайы осы құмырсқа-екеш құмырсқа да тынбай жұмыс жасап жүр, сонда да қоймай, ақырында мұратына жетті; тамның басына шықты; мұны көріп отырып менің де талап іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен деп ойын тастап, қалаға барады.
Қалада бір зор білімді, оқымысты молда бар екен, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқыпты-мыс. Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, айдай әлемге патша болған.
       

Үй тапсырмасы:

Сұрақ-жауап әдісі баланың ақыл-ойын дамытатын ең жақсы әдістердің бірі. Оларға мәтінге байланысты төмендегідей сауалдарды қою арқылы, есте сақтау қабілетін, пікір білдіру мүмкіндіктерін дамытайық. Берген жауаптарын смартфоныңыздың көмегімен диктафон арқылы жазып алып, кейін бірге тыңдаңыздар. Кішкентайларыңыздың тәтті үнін естелік ретінде де сақтап қойыңыз.
       

Сауалдар:

  1. Сәтемір хан қай жәндіктен үлгі алды?
    2. Сәтемір хан кімнен білім алады?
    3. Құмырсқа туралы басқа не білесің?
Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған