Ахмет Байтұрсынұлы. Күріш туралы не білесің?

Алаштың әлдиі Редакция таңдауы

Жер үстіндегі адамның жартыдан көбі күріш жеп күн көреді. Күріш бидай, сұлымен тұқымдас, бірақ жылы жақта судың күшімен өседі. Күріштің өнімі жақсы: бір пұт тұқымнан елу пұт егін жинап алуға болады.

Күріш Қытайда жылына екі рет те орылады. Күріштің айдауы, күтуі өте қиын, саулыққа да зиянды жұмыстың бірі: батпақты тізеден кешіп жүріп жұмыс қылып, бұзылған ауамен демалады. Қытай, Үндістан, Жапон сияқты ыссы жерлерде күріш әлденеше миллион адамның бір жағынан тамағын асырайды, екінші жағынан жұмысшыларды да қырады, көбінесе безгек сықылды ауруға ұшыратады.

Табиғаттың өзі әзірлеп қойған күріш саларлық сулы батпақ жер жоқ. Ондай жерді адам өзінің күшімен істейді. Күріш жайын ең жақсы білетін халық – қытайлар. Суды күріш еккен жерге арықпен жібереді. Арықтары керек-керегінде суды жіберіп, керек етпесе тоқтатуға ыңғайланып істелген. Судың табаны төменде болса, жоғары шығару үшін машиналар құру керек.

Күріш жер бетіне шықпай я жаңа шығып келе жатқан кезде егістік бетін су жауып, көл секілденіп тұрады. Арасына шыққан шөптерді жұлып тазартар кезде, суды бөгеп, егіске жібермей қояды. Күрішті орғанда да тізеден су кешіп жүріп орып, қиылған сабақтарын кішкене қайықшаға сала береді. Күріштен үн тартпайды, ботқа я жалпақ нан сықылды тамақ пісіреді. Бізде бидай қандай болса, кейбір жерлерге күріш те сондай. Түркістанда да күріш салады. Қазаққа ет қандай қадірлі тамақ болса, сартқа күріш сондай қадірлі тамақ. Қазақтың басқа жерлеріне күрішті Түркістаннан алып келіп сатады.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған