Ұлым, мына бір 6 мәселеге назар сал!..

Тілашар

Балам… Балам, Менің!
Сен бүгін Анаң екеуміздің Ұлымыз болсаң, ертең Сен – іні мен қарындастарыңа бауыр, сүйгеніңе – Жар, балаларыңа – Әке, біреуге – Дос, енді біріне – Әріптес боласың, Сен де көзді ашып-жұмғанша Ержетесің. Бұрын бұл өсиет-тілекті Атаң Маған айтса, бүгін Мен Саған арнаймын, өмір сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы осыда болар, бәлкім?!
1. Адамды ұлтқа не дінге, жерге бөлме. Адамның барлығын бауырыңдай көр, көпшіл бол, кең болсаң – кем болмайсың. Үлкенді сыйла, кішіге қамқор бол, қолыңнан келсе – көмектес.
Жүз теңгең болғанша – жүз досың болсын демекші, есіңде болсын, Ер-жігіттің абыройын асқақтататын – оның достары.
2. Әділ әрі адал бол! Ойыңа адал бол, тек жақсыны ойла, сөзіңе адал бол, тек жақсы сөйле, жүрегің мен қолыңа, әрбір басқан қадамыңа адал бол! Есіңде болсын, мансабыңа – мастанба, дәрежең төмен болса – жасқанба, Басшы болсаң қызметкерлеріңе – Әділ, қызметкер болсаң ортаңа Адал бол! Адалдық әрі әділдік қай жерде де саған деген сенімділікті арттырады.
3. Білімді бол! Білекті – бірді, білімді мыңды жығады. Ешқашан ерінбе, оқы, ізден, алға жылжы!
4. Қашан да қайта бастаудан қорықпа! Ер-жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді, сондықтан жеңілсең – мойыма, жығылсаң – тұр, кедергілерге берілме! Мақсатың анық болсын, бастаған ісіңді аяқтап үйрен.
5. Қыз баланы сыйла, қарындасың мен әпкеңе қамқор бол, жарыңды аяла, Анаңды қуантуға тырыс.
6. Сен – Қазақсың! Сен – рухты халықтың ұрпағысың, еліңді сүй, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте! Әрқашан Ана тіліңде сөйле және қазақ тарихын біл, шежіреңді ұрпағыңа үйрет.
Балам, Мен сенің бастамаларыңа қолдау беремін, әрбір жетістіктеріңе қуанамын, Мен Сенімен мақтанатын боламын! Бұл Әкелік тілегім жазылған хатты Саған және бауырларыңа арнадым! Мен Алладан әркез Сені қолдауын, мықты денсаулық пен ұзақ өмір беруін, Сенің заманың да бейбіт әрі тыныш болуын тілеймін, ал қоғамды тұлға болып қалыптасуың өз қолыңда! Балам, қадамың – нық, мақсатың – анық, жолың – Ақ болсын!

Адай Сүндетов

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған