Тек сен күліп жүрсең болды, қызым

Тілашар

Алланың берген жеті қызы, жеті гүлі бар. Біздің жақта балам деп қызды да, ұлды да атай береді. Жақында тұңғышымды ұзаттық. Нұргүлімнің өскен үйін тастап кететінін шешесінен естігенде, жүрегім ауырды. «Қыз мақсаты кету» десек те, балаңды ешкімге қимайсың. Шешесі көз жасын сығып алды. Жігіт адамбыз ғой. Ішіміздегіні лақ еткізе салмаймыз. Бірнеше апта өтті. Құдаларды көңілді ән-күймен қарсы алдық. Үй көрсеттік. Құда жақты сыйлап, сөз бердік. Ендігі сөз бізде. Іштей айтатын тілегімді, құдаларға «қош келдіңіздер» мен бір шумақ өлеңімді дайындап тұрғанмын. Асаба жігіт «ал енді Бекең сөйлесін» деп, келген қонақтардың мойны маған қарай бұрылды. Баламды аманаттап сөйлеймін деп отырған мен келесі үйде жастармен отырған гүл қызым, тұңғыш қызым есіме түсіп, даусым қырылдап кетті. Келіп қалған жасты іркей алмай, сөйлемедім. Тағы қалтамдағы беторамалдың барын ұмытыппын. Әйтеуір, біреу орамал беріп үлгерді. Қызыма дегенім мынау еді…

Қызым! Нұргүлім! Сен мені әке атандырған, жауапкершілік пен сәбиге деген махаббатты сезіндірген перзентімсің! Сен туылғанда көк тракторым бар еді. Шешең толғатып, сол трактормен селкілдеп, аудандық перзентханаға алып бардым. Алла қолдап, шешең аман-сау босанды. Сен өмірге келдің. Сенің әжең ұлды топырлатып туған ғой. Арсын-гүрсін жүріп, еденді өкшесімен тесердей жүгіріп, көрген жерде жұлыса кеткеннен басқа бітіретіндері шамалы. Содан болар «біздің үйде қашан қыз болар екен? Қызды қашан көрер екенбіз?» деп армандайтынбыз. Құдай сол тілегімізді қабыл еткен екен. Сен біздің үйге нәзіктік әкелдің, сыңғыр күлкіні естірттің. «Проблемный бала» болған емессің. Көп жылап та мазамызды алмайтынсың. Бірақ ауырып қала беретінсің. Ойпырмай, сонда «ауырдым» деп шектен тыс еркелеп немесе бақырып жылағаныңды көрмеппін. Үйдің үлкені болғандықтан, тез есейдің. Шешең екеуміз саған өзімізден артық сенуші едік. Саған жауапкершілік артпасақ та, өзіңнен кейінгі қыздардың тәрбиесін де, оқуын да мойныңа алдың. Әйтеуір, сенің ғана сабағыңа басында қарап, жазуыңды тексеретініміз есімде. Кейінгілерден «сабағың қалай?» деп сұрамаппыз да. Өйткені олар сенің соңыңнан еріп келеді. Есте сақтау қабілетің маған тартқан. Үлкен әпкең мектепте оқитын кезі есіңде ме? Ол кезде 3-4 жастасың. Әпкеңе әріптерді жаттатқыза алмай әлекпіз. Сөйтсек, сыртымыздан сен бақылап тұр екенсің. Жүгіріп келіп, Әліппедегі әріпті көрсетіп, «мынау А-а-а» деген едің. Ой, қыран-топан күліге қарық болып едік. Айтқанды қағып алатыныңа тәнті болдым. Бәрінен бұрын сен оқуға қалаға кеткенде қиналдық. Үйде жұмыс көбейді. Сіңлілеріңнің тәрбиесіне, сабағына қарау керек. Сөйтсек, осы уақытқа дейін оның бәрін сен істеп жүр екенсің ғой, қызым. Бізге ештеңеңді білдірпеген, ақылдым! Орның әбден білінетін. Демалыста сен келетін кезде шешең екеуміз мал сойып, арнайы дайындалатынбыз. Сені келеді дегеннен «тұла бойы тұңғышымыз келеді» деп отырушы едік. Тіпті көршілерді шақырып, құран оқытамыз. Сен үйреткен сол бір жақсы әдетіміз әлі бар. Сіңлілерің келген сайын құран оқытамыз. Бізге бір қарсы келмейтін едің. Жақсы оқып, Президенттік шәкіртақы алдың. Бұл жетістігіңе шешең екеуміз мәзбіз. Студент болсаң да, үйдің оны-мұнысына көмектескің келіп тұратын. Көмектестің де!

Ал бүгін міне, туған үйіңді қиып, қияға қонбақсың. Әкенің махаббаты бөлек қой. Шеше секілді көрсете бермейміз. Бірақ іштей баламыздың бақытты болуын тілейміз. Барған жеріңде бағың ашылсын, балам! Алланың маған міндеттегені – перзентімді құтты орнына қондыру. Байқаймын, күйеубала жаман жігіт емес. Артық ойы, қияңқы жүрісі, ылдым-жылдым тірлігі жоқ. Ойында ештеңе жоқ қарқылдап күлгені, телефонмен айқайлап сөйлесетіні маған ұқсай ма, қалай, ә? Ол сені жылатпайды. Ол жақта да екінші шешең бар екен. Мектепте мұғалім болған, мәдениетті, арғы-бергіні білетін, көргені көп кісі екен. Оның қолында жақсы тәрбие аласың деп сенемін, балам.

Барған жеріңде әке-шешеңе сөз келтірмейтініңді білемін. Өзің мейірімді, адамға қамқор баласың ғой. Енді сол жақ – сенің үйің, сенің шаңырағың. Бізге алаңдама. Өз үйіңнің түтінін түзу шығаруды ғана ойла. Күйеубала жұмыстан шаршап келсе, қас-қабағына қарап, ыстық тамағың мен бал шәйіңмен қабағын жазып ал. Ертеңге киетін киімі үткітеулі, таза тұрсын. Шалбарының қыры біреу болсын. Тесік шұлық кигізбе. Ер адам үйінен жылу іздейді. Жылуды беретін сол үйдің отанасы. Отанасы күліп жүрсе, ер адамнан бақытты адам жоқ. Оған сенен керегі – қолдау білдіру. Сонда ол кез келген мәселені шешуге әзір, кез келген қиындықтан қорықпайды, теңізді кешіп өтіп, от-жалынмен жүріп өтуге даяр. Тек сен күліп жүрсең болды, қызым. Тек оны қолдасаң болды, балам. Ол жақтағы шешеңнің қамын да ойла. Қолда бар қызығы – енді сендерсіңдер. Арғыны түсінетін, қонақ пен тірліктің жайын білетініңді білемін, балам. Айту – менің парызым. Бірақ ішіңдегіні жолдасыңнан бүгіп қалма. Не қалайтыныңды, бірнәрсе жайында не ойлайтыныңды ашық айт. Екеуің енді бір адамсыңдар. Ойыңды жасырып қалма. Құпияның болуы ерлі-зайыптының арасына сызат түсіреді. Барлық нәрсені ақылдасып шешіңдер.

Сені қимасам да, жанымнан артық жақсы көрсем де, жолыңда тұра алмаймын. Барған жеріңде тастай батып, судай сің, балам!

Әймішов БЕГАЛЫ,
Түркістан облысы, Отырар ауданы, Мыңшұңқыр ауылы

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған