Қайткенде әкенің ойы балаға жарамды болмақ?

Әулет

Абайдың «көп әке баласы жас кезінде басынан құс ұшырмай пәрмәнә болып жүріп, есейгенде суық тартатыны қалай?» – деген мазмұндағы сөзі бар. Рас, мұнысы несі екен? Шама-шарқымызша осыған біз де бір ой жүгіртіп көрелік. Хакімнің бізге қалдырған сауалы шығар.
Біз айтпақ болып отырған әке мен бала ортасындағы диалогтың көбі былай болады:
– Сен бардың ба әлгі жерге?
– Иә, бардым.
– Не қылып жатыр екен?
– Не қылушы еді, жатыр баяғы.
– Жоқ енді айтсайшы, не істеп жатыр?
– Айтатын несі бар, жүр де ел қатарлы.
– Ім ім ім…

Болды. Осыдан ұзамайды. Бір-бірінің көкірегіне ендірмей кері теуіп тұрған бір нәрсе бар. Екеуі де жеңе алмайды. Махаббатқа салып әке бұзғысы келеді, ақылға салып бала бұзғысы келеді, бұза алмайды. Аса бір тәуекелмен әлгі пердені біреуі бұзса да, көкірек кеңістігінде екеуінің жолдары қиыспай, бір-бірінің кеудесінен тұрақ таба алмай, қашып шығады. Неге?
Ақылман Абайға қайта соғалықшы. Ол кісі балаларымен өте етене болған. Әсіресе, Әбдірахманының ішкі сыр-сипатын ішек қырындысына дейін біліп, таңданып, риза болады. Асырып сөз айтпайтын Абайдың бір мақтанғаны осы Әбдірахманы шығар. Орталарында таусылмайтын сырлар жатыпты. Кейде әңгімелері күннің батысы, таңның атысына қарамай жалғасады екен. Ал, Мағашымен арадағы сүйіспеншілігі тіпті ерекше. Мағаш бір жаққа шықса «Әкем сағынып қалады» деп үш күннен асырмай қайтып оралады екен. Шынымен Мағаш үш күннен кешіксе, жарықтық Абай: «Мені Мағаш бұлай зарықтырмауы керек еді», – деп аттылы жолаушының бәрінен үміттеніп, төбе басынан түспей отырып алады дейді. Бұл баласымен де күндіз-түні әңгімелері бітпейді екен. Мұның сыры неде?
Алдымен мынаған тоқталайық. Біз сөз етіп отырған келеңсіз жағдайдың түпкі себебі не? Неге әкеден бала ойы өзге болады?
Бұл «заманы басқаның» кесірінен екен. Әкенің жүрген жолы мен баланың жүрген жолының екі басқа болғандығынан екен. Әке көрген салт балаға келгенде басқаша болып өзгеріп кеткендігінен екен. Әкенің кезіндегі құндылықтар баланың дәуіріне келгенде түкке жарамай қалатындығынан болса керек. Оны қорғаштаған әке ескіліктің жоқтаушысы, жаратпаған бала жаңалықтың жақтаушысы болып жолдары екі айырыла кетеді екен. Тіпті екеуіне де ортақ бір дәстүр уақытқа байланысты өзгешеленіп кететіндігінен сияқты. Енді екеуінің ойы қалай түйіссін, пікірлері қалай бір жерден шығып, әрекеттері қайдан ұқсасын?
Жә, сонда Абай заманы мен Мағаштың уақытында бұндай өзгерістер болмады ма? Өзінен-өзі сұрақ туады. Әрі өте орынды сұрақ. Әрине, болды. Оны алдымен Абайдың өзі айтты. Айтқанда да, біз құсап бұралаңдатпай, тайға басқан таңбадай бадырайтып тұрып, ақиқатымен айтты. «Заман соққан жел…» «Алла өзгермес, адамдар күнде өзгерер…» Немесе: «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» деді. Сөйтті де, мәңгі өзгермес Құранға жүгінді. Ал Құранда адами өмір сүрудің уақытқа тәуелсіз ортақ өлшемі бекітілген. Абай соны іздеді. Тапты да. Сөйтсе, Құнанбайға парыз етілген намаз, бір үтірі өзгерместен Абайға да міндет етіліпті. Абайға парыз болған ораза Әбдірахман мен Мағашқа да айнымаған қалпында жүктеліпті. Енді «заманы басқа» болса да Құнанбай мен Абайдың, Абай мен Әбдірахманның ойлары бір нүктеде тоғысып, өздері бір әрекетті қайталамағанда қайтпек?! Енді олардың қайғы-мұңы да, қуаныш-жұбанышы да ортақ болмай қайтсін? Енді олардың бірінің істеген ісі біріне түсінікті болады. Әкесі топ алдында өзін ғайбаттан тиып сөйлеп отырғандығының себебін баласы біліп отырады. Баласының басқалармен қарым-қатынасының өзгелер байқай бермейтін кейбір тұстарын әкесі аңғарып, себебін ол да іштей түйіп отырады. Өйткені, сауап қандай істен, күнә нендей әрекеттен болатыны жайында екеуі ортақ ұғымда. Бір-біріне деген махаббаты жүректерінің терең түкпірінен тамыр тартады. Бірін-бірі рухани толықтырушы деуге болады.
Бұл бір ғана Абай емес, мұсылманшылықтың мағынасын шын түсініп, берік ұстанған әрбір қазақтың басында болған жай. Әрі бұл махаббат ана мен баланың, аға мен інінің, әпке мен қарындастың бәріне ортақ. Біз түсінікке жеңіл болмағы үшін Абай мен балаларын алға тартып айттық.
Сөйтіп, белінен шыққан әкемен, құрсағында жаралған анамен, бір кіндіктен өрген аға-іні, әпке-қарындаспен рухани достық орната алмай, әрқайсымыз бір жалғыз болып, бір ғана келетін қамшының сабындай қысқа ғұмырды жұмбақ қылып өткізеді екенбіз. Әке баланы, бала ананы, аға іні-қарындасты, іні аға-әпкені жүрек түкпіріндегі туыстық махаббатпен қандыра алмай кезек-кезегімен қара жерге сіңе береді, сіңе береді екен… Бірін-бірі жер қойнына тапсырып тұрғанда тірісінде оған жеткізе алмаған, қалай жеткізудің мәнін білмеген махаббат енді өкінішке айналмақ. Өзің көрге кіргенше көкірегіңде шемен болып қатып, шер болып байланып жүрмек.
Алла Тағала Исламды адамның екі дүниедегі бақыты үшін жіберді. Бәріне бірдей жарайтын, өзгермейтін һәм махаббатқа бөлейтін ортақ суат, мәңгілік құндылық осы. Лә иләһа иллә Алла деп кәлимаға тіл келтірген әр қазақ, соны ақылмен түсініп, жүрекпен бекітсе, бір-біріне махаббат қылмаққа керек! Сонда ғана әкенің ойы балаға жарамды болмақ! Сөйтіп, әлмисақтан мұсылман болған ата-баба тағылымына да тамыр жібере аламыз.                                                                                                                                                 

© Ұларбек Нұрғалымұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған