Тоғжан Серікұлы: «Қазір «Тұран» ансамблінің көшірмелері көбейіп кетті»

Әулет

Бүгінгі таңда ұлттық музыка мәдениетіміздің бір қыры ретінде фольклорлық ансамбльдерді айта аламыз. Шағын құраммен ауқымды дыбыс бере алатын ұжым қашан да халықтың ықыласына бөленіп жүреді. Осы ретте аталмыш ұжымның бүгінгі хал-ахуалын білу үшін Астана мемлекеттік филармониясының «Сарыарқа» халық музыка ансамбльнің көркемдік жетекшісі Тоғжан Серікұлы Жахинмен сұхбат құрған едік.

– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Сарыарқа» ансамблінің биылғы жылғы нәтижелері жайында сөз бастасақ.

– Әрине. Биылғы  жылды жақсы нәтижемен аяқтап отырмыз деп есептеймін. Атап айтсам, осы жылы «Сарыарқа» халық музыка ансамблі 58 концерт берді, оның ішінде 8 і бізге міндеттелген афишалық концерттер. Орындалған шығармаларға тоқтала кетсек, халық композиторлар күйлері және әндерінен бастап, қазіргі заман комопозиторларының шығармалары болды. Мен көркемдік жетекші ретінде жұмысыма ақпан айынан кірістім. Алғашқы мақсатым ансамбль репертуарын халық композиторлар күйлерімен толтыру еді. Бұл дегеніміз көп ансамбльдерде орындалмаған, ансамбльге түспеген күйлер. Мысалға, 20-концерттік маусымның аяқталуын Дәулеткерейге арнадық. Концертте «Жеңгем сүйер», «Көркем ханым», «Қыз ақжелең» атты күйлері жаңаша өңдеумен ансамбльге түсті. Осымен қатар, Орынбай Дүйсеннің «Бапас», өзімнің авторлық күйім «Төре қағыс» та өз тұсауын кесті.

Тағы бір мысал, 21-ші концерттік маусымның ашылуы тамыз айында өтті. Оны күйші Қайрақбай Шәлекенұлының шығармашылығына арнадық. Бұл концертке де әдеттегідей ансамбльге күйлері түсіріліп, аталмыш күйшінің өнерін насихаттап жүрген Мұқаш Таңғыт, Ардаби Мәулет және Қайрақбай атамыздың 6-шы ұрпағы Келсін Базархан арнайы шақырылды. Бір айта кетерлігі, бұл концертте Қайрақбайдың «Өрелі кер» күйі көрерменнің ерекше назарына түсті. Оны ансамбльге өңдеген, ансамбль әртісі Гүлдара Нариман.

Қараша айында ансамбльдің әртісі, халықаралық Шабыт фестивалінің гран при иегері Ұлан Бакижановтың шығармашылық кешін де өткіздік. Одан басқа атамыз Сегіз Серінің 200 жылдығына арналған концерт, Ақан серінің 175 жылдығына арналған концерттер де өтті. Айта берсек көп-ақ.

– Жалпы ансамбльге күйлерді кім лайықтайды?

– Кейбір күйлерді өзім, кейбір күйлерді ансамбльге үнемі осы ансамбльде істеп кеткен Әсет Дәненов бауырымыз өңдеп түсіреді. Оған ерекше алғысым бар.

– Енді ансамбльдің репертуарына тоқтала кетсек.

– Репертуарымыз көп. Сөз басында атап өткендей, түрлі шығармаларды орындаймыз. Концерттерде құрамдағы барлық әртістердің шығармаларын орындауға тырысамыз. Мен өзім арнайы ансамбльге екі шығарма жаздым. «Думанды Сарыарқа» күйіме Лаура Мукаева би қойды. Екінші шығарма «Алатау аясында» (аспаптар шеруі) да ансамбль репертуарында. Ол шығармамның негізгі мәні әр аспаптың мүмкіндігін көрсету.

–  Биыл ансамбль өзінің 20-жылдығын тойлапты…

Ия, дұрыс айтасыз. Биыл біздің ансамбль өзінің 20 жылдығын тойлады. Осыған орай үлкен концерт жасадық. Түрлі шығармалар болды. Мысалы, концерт барысында ансамбльмізді құраған ағамыз Нұрлан Хамзин түсірген әндер мен күйлер орындалды.

– Осы орайда ансамбльдің тарихы мен бүгіні туралы айта отырсаңыз.

– Ансамбль 1998 жылы Жастар сарайының сахнасында Нұрлан Хамзиннің жетекшілігімен тұсауы кесілді. Алғашқы құрамнан қалған әртістер Әдемі Сыздықбаева (домбыра), Наталья Устинова (сырнай), Алтай Әбенов (ұрмалы аспаптар), Шығыс Махан (сыбызғы). Жиырма жыл ішінде көптеген әртістер өз үлес қосқан. Бірнешеуін атап өтсем,  ҚР еңбек сіңірген әртісі, Тұрар Әліпбаев,  халықаралық конкурстардың лауреаттары Сәттібек Баяхов, Гүлжан Мұстахимова, Әсет Дәненов, Нұрлыбек Қамбаров және т. б.

Қазіргі құрамда жоғарыда айтылған төрт әртіс және Республикалық конкурстардың лауреаты Ержан Тоқсабанов (домбыра), Шабыт фестивалінің гран при иегері Ұлан Бакижанов (домбыра), «Мен қазақпын» мега жобасының женімпазы Ардақ Елеусіз (домбыра), Ғайнижамал Бекнияз (жетіген), Гүлдара Нариман (прима қобыз ), Айым Мейірханова (прима қобыз), Жадыра Смағұлова (шертер), Нұрлан Тлеужан (бас домбыра), Сандуғаш Тұрғанбекқызы (саз сырнай), Нұрсұлтан Оспанұлы (блок флейта, шан қобыз), Азамат Умаров (ұрмалы аспаптар), Салтанат Панзаева (қыл қобыз) бар.

– Енді сәл өзге тақырыпқа ойыссақ. Бірде аймақтық бір ансамбль жетекшісінен, қазір шығармашылық байқаулар аз, бір қатысып орын алсаң, келесі рет қатыса алмаймыз деп естігенбіз. Сіздің ойыңыз қалай?

– Шынымен де ансамбльге арналған байқаулар аз, бірақ мен ойлаймын конкурстан гөрі фестиваль болған дұрыс сияқты, әркім өз өнерін көрсетеді, өзіне керек нәрсені алып, тәжірибе алмастырып деген сияқты. Ең басты міндет конкурсқа қатысып жүлделі болу емес, өз өнерінді, еңбегінді халқыңа көрсету, жаңалық енгізіп, жаңа бояуларды табу деп ойлаймын.

– Осы ретте мынадай сұрақ қойғым келіп отыр. Қазіргі таңда ұжымдық музыка өнерінде (ансамбль, оркестр) қандай өзгеріс керек немесе не нәрсені дамыту керек?

Оркестр туралы айтатын мықты мамандар айтсын. Мен ансамбль туралы сәл айта кетейін. Менің ойымша Мәдениет министрлігінің қасынан фольклорды зерттейтін ұйым құрастыру қажет. Оның мақсаты зерттелмеген күйлерді, аймақтарды зерттеу, әр өнірде фольклорлық ансамбльдер фестивалін өткізу. Мемлекеттен жаңа шығармалар жаздыру үшін грант бөлу, аға буын композиторларға арнайы шығармаларды тапсырыс беру қажет-ақ. Шеберхана ашып, аспаптарды дамыту дегені тағы бар.

Қазіргі кездегі басты проблема ол – еліктеу. Мысалы, Тұран ансамблі шыққаннан бері оған ұқсас ансамбльдер пайда болуы. Тіпті, қазір «Тұран» ансамблінің көшірмелері көбейіп кетті деп айтар едім. Тұран ансамбліне қарсылығым жоқ, олардың шығармашылығын жақсы көремін, өте талантты музыканттар. Бірақ соңынан кеткен толқынға, көрсеткен үлгілері дұрыс емес деп ойлаймын, кілең ұрмалы аспаптарды қолданып, бұрынғы жұмсақ қазақи стилден алыстатып жіберді.

Одан кейін джазды қолдана бастады. Көрінген әнді, күйді джаз қылып жіберді. Джазды да мен жақсы көремін, бірақ оның өз құрамы, тарихы бар. Бәріне жауапкершілікпен қарау керек, фольклорлды шоуға айналдыру дұрыс емес. Бас гитара, арнайы ұрмалы аспаптар, синтезаторды қолданып ластаудың қажеті жоқ. Бізге тілде болсын, дінде болсын, өнерде болсын ұлттық идеология қажет. Ұрпақтарымызға біздің құндылықтарымызды табиғи түрде сақтап, бұзбай өңдеп жеткізу азаматтық, ұлттық парызымыз деп ойлаймын.

Аспаптар жағына тоқтасақ, соңғы кезде ансамбльде екі жетіген қолдану үрдісі пайда болды ол дұрыс деп санаймын, нар қобыз аспабын да көп көреміз. Орта дауысты көбейту үшін, мен тіпті екі қыл қобызды қолданар едім, екі прима қобыздың біреуін Ахмет Жұбанов пайдаланған үш ішекті қобызын қосар едім. Өйткені оның дыбысы жұмсақтау. Саз сырнай  мен сыбызғыны да бірлі-жарым пайдаланып емес, ансамбльге кеңінен қосу керек.

– Ұлттық өнердің насихаты туралы не айтар едіңіз?

Бізде фольклорды насихаттау проблемасы бар, әсіресе Астанада. Алматы мәдениеті қалыптасқан қала ғой. Астанада әлі концертке бару деген мәдениет қалыптаспаған. Халықтың бәрі күйбін тіршілік, жалдамалы пәтер, мемлекеттік қызмет, жұмыстан кеш шығады да концертке баруға шамасы қалмайды, тіпті тегін билет берсең де. Бірақ бұған уақыт керек шығар. Болашақта халқымыз жағдайын дұрыстап, жеңіл музыкадан алыстап, өзінің күйлерін, әндерін ұлттық аспаптармен тыңдап іздейді деген ойдамын. Жоғарда айтқан ұйым насихатқа да жауап берсе, теледидар,  радио әлеуметтік желіде ұлттық құндылықтарды дәріптесе дұрыс болар еді.

– Сарыарқа ансамблінің алдағы 2019 жылға жоспарлары қандай?

– 2019 жылы Сарыарқа халық музыка ансамбліне 8 афишалық концерт жоспарлап қойдық. Оның ішінде Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты концерттер бар. Сондай-ақ,  ансамбль әртістерінің шығармашылық кештері де өтпек. Және де концерттік маусымның ашылуы мен жабылуына Қыздарбек күйші мен Ғабдылхақ Барлықовтың шығармашылығына арнамақпыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

talbesik.kz

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған