Ыбырай Алтынсары. Адам не үшін жаралған?

Тілашар

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:
– Анау өрмекшiнi көремiсiң, не iстеп жүр?
– Көремiн, өрмек тоқып жүр.
– Анау құмырсқаны көремiсiң?
– Көремiн, аузында бiр нанның уалшығы бар, жүгiрiп кетiп барады.
– Жоғары қара, аспанда не көрiнедi?
– Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тiстеген шөбi бар.
Сонда атасы айтты:
– Олай болса, шырағым, ол кiшкентай жәндiктер саған үлгi. Өрмекшi маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзiне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бiр нанның уалшығын тапқан соң өзi жемей, аузына тiстеп, қуанғаннан үйiне жүгiрiп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя iстеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бiр жан жоқ. Сенi де Құдай Тағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс iстеуге әдеттену керек, – дедi.     

 

Үй тапсырмасы:

Сұрақ-жауап әдісі баланың ақыл-ойын дамытатын ең жақсы әдістердің бірі. Оларға мәтінге байланысты төмендегідей сауалдарды қою арқылы, есте сақтау қабілетін, пікір білдіру мүмкіндіктерін дамытайық. Берген жауаптарын смартфоныңыздың көмегімен диктафон арқылы жазып алып, кейін бірге тыңдаңыздар. Кішкентайларыңыздың тәтті үнін естелік ретінде де сақтап қойыңыз.
                                                                               

Сауалдар:

  1. Шығармада қандай жәндіктердің аты аталған?
    2. Бала аспанға қарағанда нені көреді?
    3. Бала неше жаста?
    4. Адам не үшін жаралған?
Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған