Қазіргі көкпар туралы не білесіз?

Әулет Педагогика

Көкпар – тек қазақтың ғана  емес барша түркі халықтарына тән ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі көкпар ойынының өмірге келуі — көшпелі халықтардың айналасын қоршаған жаудан өзін-өзі қорғап қалу қажеттігінен туындаған.  Яғни, халық бейбіт күндерде азаматтарын әскери машыққа баулып отырған. Мысалы, көкпар ойынына машықтанған жігіт соғыс кезінде дұшпан шебінде жараланып қалып қойған жауынгерді атпен шауып барып, көз ілеспес жылдамдықпен жерден көтеріп алдына өңгеріп алып, құтқарып қалуға дайын болады.  Сондай-ақ, көкпаршы жаумен жекпе-жекке шыға қалса, жауды аттан жұлып түсіруге, жерге түсіп қалған қаруды (найза, қылыш) шауып келіп іліп алуға бейім келеді. Қазақтың ат үстіндегі ойындарының  шығу тарихы жауынгерді батырлыққа, ептілікке, шапшаңдыққа үйретуді мақсат тұтқан. 

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі.

Қазіргі командалық көкпар ережесіне сәйкес, бір команда 12 спортшыдан тұрады. Ойынға әр командадан 4 ойыншы қатысып, бәсеке  8 ойыншы арасында өтеді. Ойыншылар команда жетекшісінің ұйғаруымен ойын барысында ауыстырылып отырады.

Қарсылас команданың ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа командалас ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені ердің алдыңғы қасына  немесе басқа оңтайлы жерге байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын қамшымен ұруға, жетектеуге, адамға қасақана ат салуға, бір метрден ұзақ жерден қарсыласты атпен шауып келіп соғуға,  қарсыласқа қарай атты тік шапшытып барып, аттың алдыңғы екі аяғымен соғу сияқты өрескел қимылдарға тиым салынады. 

Қазіргі командалық көкпар ойыны арнайы көкпар үшін жабдықталған ұзындығы 220 метр, ені 70 метр алаңда өткізіледі. 2016 жылға дейін командалық көкпар  қазандықпен ойналып келген. Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық  қауымдастығының ұйымдастыруымен 2016 жылы өткен, Венгрия, Түркия, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің мамандары қатысқан «Көкпар ойынын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған халықаралық семинар-кеңесте көкпарды қазандықпен ойнауда спортшылар мен аттардың өте көп жарақат алатыны, қауіптілігі, басқа да қолайсыздықтары айтылып, шетелдік көкпар мамандарының бірауызды ұсынысымен қазандық ойын ережесінен алынып   тасталды. Содан бергі уақытта командалық көкпар жарыстарында  серке шеңберге тасталады. Әр команда спортшылары  серкені өз шеңберіне қарай алып қашады.  Қос шеңбердің арасы 200 метр. Алаңның көрермен жақ бүйіріндегі тең ортасында кіші шеңбер бар. Бәсеке осы кіші шеңберге тасталған серкені төрешінің бұйрығынан соң 8 ойыншының таласа шауып келіп іліп алып кетуімен басталады. Кіші шеңберден басқа алаң орталығында «жекпе-жек» өткізілетін тағы үш үлкен шеңбер бар.  Ойын арнайы бекітілген көкпар ойынының ережесіне сай әрқайсысы 20 минуттық 2 кезеңде өткізіледі. Әр кезең аралығында 10 минуттық үзіліс болады. Ойында өз шеңберіне  ең көп салым салған команда жеңімпаз болып танылады.

Командалық көкпар жарыстарында қазіргі күні «жасанды серке» (муляж) қолданылады. Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 14 облысында көкпар командалары құрылған. Республикалық көкпар чемпионаттары мен турнирлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің жылдық Күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізіледі. 

Мәлімет көзі: Ұлттық спорт қауымдастығының ресми сайты
Фото: tengrinews.kz

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған