Ұлттық идеология: Елді-мекендердің байырғы атауларын қайтарайық

Идеология Редакция таңдауы

Ақмола облысы – Қазақстанның солтүстігіндегі славян текті атаулар ең көп шоғырланған аумақтардың бірі. Бұл атаулар кеңестік идеология жалғасқан патша заманының тарихымызға салған таңбасы іспетті. Бүгінгі күнде елімізді рухани жаңғыртудың маңызды компоненті ретінде тарихи жер-су атауларын қайтару қажеттілігі туындап отыр. Елордамыз орналасқан еліміздің экономикалық-саяси маңызды аймақтарының бірі ретінде қарастырылып отырған аумақты зерттеудің маңызы зор. Осы мақсатта біз арнайы Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архивте, Астана қаласы мемлекеттік архивінде және Омбы облыстық тарихи архивінде ізденіс жұмыстары жүргізіліп, ескі географиялық карталар мен бірнеше жазбаша деректерден аса қызғылықты мәліметтер таппық..

Омбы облыстық тарихи архиві қорындағы №48 картада қазақ жеріне қоныс аударушылар келгеннен кейін ол жерлер басқа атаумен орналасқандығы анық көрсетілген. 1897 жылғы дерек бойынша қазіргі Целиноград ауданына қарасты Приречное селосы Тұмсық деп аталса, Ақкөл ауданына қарасты қазір Қарасай деп аталатын Степок селосы алғашқыда Қарауылтөбе деп аталған. Сонымен қатар картадан аумақтағы Қашқар ауылында Ксеньевское, Қызылжар ауылында Поречный, Дауылбай ауылында Елененский, Жалғызағаш ауылында Ильинский, Бекжан ауылында Кольцовка, Карамола ауылының үстінде Приозёрный деген атпен қоныс аударушылардың ауылдары пайда болғанын аңғаруға болады.

Сол сияқты №100 картада Көкшетау уезді Жыланды және Зеренді болыстарының, ал №106 картада Зеренді және Қотыркөл болыстарының жерінде қоныс аударушылар ауылдарының пайда болу барысы бейнеленген. Сондай-ақ карталардан көптеген қазақ қоныстарының, қыстаулар мен күзгі қоныстардың атауларын кездестіруге болады. Мысалы, №100 және №111а карталарды салыстыра отырып, 1895 жылы аумақтағы Қояндыкөл ауылына Ковалевский, 1898 жылы Арықбалық ауылына Успенско-Юрьевский, Тассуат ауылына Новокиевский, Тоқтамыс ауылына Ергольский деген атпен қоныс аударушылар ауылдарының келіп орналасқандығын көре аламыз. Сондай-ақ, Аймырза және Жанпейіс қоныстарының ортасындағы Ұрынқай ауылының жанына Дмитрийевский поселкесі орнаған.

 Ерголка және Новокиевка селолары қазір Ақмола облысы Бұланды ауданының Ерголка селолық округінің құрамына кіреді. Ерголка селосына 2007 жылы Токтамыс атауы қайтарылған. Ал, Успеноюрьевка және Дмитриевка селолары қазір Бурабай ауданының құрамында. Бұл аудандағы Ковалевка селосы 2007 жылы жойылған.

Басқа мәліметтерге көз жүгірсек №13 картада көрсетілген дерек бойынша қазіргі Атбасар ауданында бірнеше қоныс аударушылар ауылдарының пайда болу нәтижесінде Байжігіт ауылы Ново-Александровская, Амантай ауылы Маринская, Қараоба ауылы Таволжанский, Қарабай ауылы Астраханский, Шаншар ауылы Ново-Черкасский, Жыланды ауылы Петровское, Қарамендік ауылы Покровский, Тасмола ауылы Семеновский, Бармақ ауылы Максимовский, Қоныс ауылы Джималаевский болып өзгерген екен.

Сол сияқты қазіргі Аққөл ауданының құрамындағы Ново-Рыбинский селосының бастапқы атауы Шортанкөл болса, Буланды ауданына қарайтын Никольское селосының алғашқы атауы Жарлыкөл болған. Бұл туралы жазбаша деректер ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында да сақталған. №371 қордың деректері бойынша Ақмола облысының кейбір елді-мекендерінің тарихи атаулары анықталды.

1914 жылғы «Ақмола облысы, Ақмола уезі қоныс аудару аудандарындағы елді орналастыру (бос жерге) барысы туралы мәлімдеме» атты мұрағат құжатында да аса қызықты мәліметтерді кездестіруге болады. Мысалы, Ақкөл ауданындағы Урюпинка селосының бастапқы атауы Шолаққарасу болған. 1884 жылы Урюпинск станицасынан (қазіргі Волгоград облысы Урюпинск қаласы) қоныс аударушылардың келіп қоныстануына байланысты аталған. С 1884-1901 жылдар арасында село Сосновка деп аталған, себебі айналасында үлкен  қарағай орманы өскен, орман ағаштары кейін үй тұрғызу мақсатында жойылып кеткен. Ұзақ уақыт село Сосновка-Урюпинка деген қосарлы атаумен аталған

Зерттеу нәтижелері зерттеліп отырған аумақта орыс топонимдерінің жиі кездесетіндігін көрсетті. Бұл Қазақстанға орталық Ресей, Украина, Белоруссия және Балтық елдерінен славян халықтарының қоныс аударуымен байланысты. Осылайша елді-мекен атаулары алғашқы қоныс аударушылардың есімімен немесе өздері қоныс аударған елдің атауымен, сондай-ақ землемердің аты немесе фамилиясымен атала берген.

 ҚР Ұлттық музейі
«Халық қазынасы» ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері
И. Бекзатқызы
talbesik.kz

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған