Жүсіпбек Аймауытұлы. Қымызды тәтті қылудың 5 амалы

Ақпарат Алаштың әлдиі Редакция таңдауы

Қымыз татымасын, тәтті болсын десең:

  1. Қымыз ашытатын ыдыс семіз малдың терісінен қанық ысталған болсын; ағаш болса, емен не қызыл қарағайдың күбі болсын. Ыдысты күнде болмаса, екі күнде бір қайнаған сумен жуып, майлап, ыстау керек. Тері ыдысты қайнаған суды салқындатып жуған жақсы. Табылса, құйрық, болмаса, тоң маймен майлау керек. Тобылғымен, жүзгінмен немесе сексеуілмен ыстаған дұрыс.
  2. Қымыз ашытарда селдір таза матадан қалта істеп, ішіне тазалап мейіз салу керек. Бұл болмағанда жақсы қымыздан құю керек.
  3. Сауылған сүтті әуелгі ашымай тұрған кезде жылыдай, ашыған соң салқындатып құйып, ең азы 20-30 пысу керек. Сүттің бетін жауып қою керек.
  4. Кешке суытқан сүтті құйғаннан кейін, аз болғанда, 100 рет пісу керек. Піспектің басы мен сабы қайыңнан істелген, бас жағы тармақ тесік болсын.
  5. Саба болсын, торсық болсын, күбі болсын, күн тиетін, аңызақтың өтіне қоймау керек. Үй ішіне күн түссе, қалың нәрсемен орап, салқын болса ашып қою керек. Қымыз қотарылатын ыдысы кең, таза ысталған (табақта болса), майланған болсын. Мұның да бетін жауып, орап қойған артық. Қымызды сапыратын шөміш те жақсы ағаштан істелген, таза болуы керек.

Осы шарттар тегісінен орындалса, шаруалардың қымызы дөнен бесті болғанша айнымайды.

Редакциядан: Құрметті оқырман! Бұл Жүсіпбек Аймауытұлының ертеде жазған, көп томдығында берілген мәліметтер. Егер қымызға қатысты сіздің өз әдісіңіз болса оны сайт оқырмандарымен бөлісуге шақырамыз. Электронды мекен-жайымыз сайттың төменгі бөлігінде көрсетілген.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған