Мектептегі әскери-патриоттық тәрбиенің рөлі

Ақпарат Ой-талқы

Еліміздің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев айтқандай, біздің алдымызда «бабалардың игі дәстүрлерін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері тұр. Әскери-патриоттық тәрбиенің мақсаты – жас ұрпақтың отансүйгіштік қабілетін, елімізді қорғауға қызығушылығын ояту, Қазақстан халқының достығын сақтау мақсатында қабілетті азаматтарды тәрбиелеу. Әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы жастардың саналы сезімін, көзқарасын қалыптастыруға болады. Білім беру ошағында патриоттық тәрбие беру, Отанымыздың саналы да белсенді күрескерлерін тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, республикамыздың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер туғызуға бағыттайды. Патриоттық тәрбиенің танымдары – жастарды Отанды қорғауға даярлау, жас азаматтардың үлгі боларлық мінездерін қалыптастыру болып табылады. Азаматтарға патриоттық тәрбие берудің негізгі бөлігі – ол әскери-патриоттық тәрбие. Әскери-патриоттық тәрбие еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сенімді қорғаныс міндеттерді, патриоттық және рухани-психологиялық қасиеттерді қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан жастардың дүниетанымын, білімін, көзқарасын қалыптастыруда оқу орындары шешуші рөл атқарады. Жастардың аға ұрпақтың лайықты мұрагері болуы үшін, батырларымыздың Отанды қорғау жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіріп отыруымыз қажет. Сол арқылы әрбір жас ұрпақ еліміздің келешегі жолында табанды күрескер болуы керек екенін түсінуі керек.

Елін сүйгіш жастарды тәрбиелеудің негізі білім беру ордасынан басталады. Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру міндеті, олардың Отанды қорғауға ұдайы әзір болуы, моральдық-психологиялық жағынан даярлау – ол әрбір ұстаз, әрбір жетекші-басшы, әрбір әскер басылардың оқушыларға берер тәрбиесінде жаңғырып тұруы тиіс.

ХХІ ғасыр – жаһандану кезеңі. Әр мемлекеттердің мектептерінде әскери-патриоттық тәлім-тәрбие беру үрдісі әр-түрлі бағытта дамуда. Мәселен, АҚШ-та патриоттық сезім мен өз еліне деген мақтаныш американдықтардың балалық шағынан басталады, яғни мәдениет пен азаматтық қоғам институттары, мектептер, университеттер, скауттық және жастар ұйымдары арқылы мемлекеттік рәміздерді белсенді насихаттау маңызды рөл атқарады. АҚШ-та патриоттық сезімді кіші жастан бастап тәрбие жүргізетін ұйым – «Бойскаут қозғалысы». Ал Жапония мемлекетін айтатын болсақ, білім беру туралы жаңартылған заңға сәйкес мектептерде ұлттық мақтаныш сезімін күшейту, жапон дәстүрлерін құрметтеу және қадір-қасиетін арттыру мақсатында патриоттық сабақтар өткізіледі. Батыс Еуропада саяси өмірді демократияландыру және елдер арасындағы интеграциялық үдерістерді тереңдету салдарынан патриотизм ұғымы қайта ойластырылған, ал оны тәрбиелеу азаматтықты – қазіргі заманғы әлем жағдайында жастардың әлеуметтенуіне ықпал ететін тұлғаның жаңа интегративті сапасын қалыптастырумен ауыстырылды. Білім берудің осы бағытының мақсаттарының ішінде азаматтардың бойында патриоттық сезімдерді, төзімділікті, гуманизмді, өзіндік қадір-қасиеті мен ішкі еркіндік сезімін, мемлекеттік билікке тәртіпті және құрмет көрсетуді үйлесімді көрсетуге тәрбиелеу болып табылады.

Біз тәуелсіз ел бола тұра жас ұрпақты қандай да болсын жағдайға дайын тұратын, азаматтардың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына Отаны үшін жан қиярлықтай іске баратын патриоттық сезімін ерте жастан қалыптастыруымыз керек. Қазіргі уақытта елордада 28 мектептің базасында 50 мамандандырылған «Жас сарбаз» кадет сыныптары жұмыс істейді. Бүгінгі күні кадет сыныптарының ашылуы өте өзекті.

Тұңғыш президентіміздің жолдауында әскери-патриоттық бағытқа, яғни қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге баса назар аудару қажет деп айтылды. Осы орайда, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсартумен қатар, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді тапсырғанын атап өтті. «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде бірқатар қиындықтар кездеседі. Ең алдымен, тұрақты қаржыландыру көзі мен жеткілікті құқықтық және оқу-материалдық базаның болмауы өзекті. Мектептер жанынан құрылған әскери-патриоттық ұйымдар, сыныптар, секциялар мен үйірмелер сынды жастар ұйымдары бір жүйеге тоғыспаған», – деп түсіндірді ол. М. Таласов 2016 жылы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы құрылғанын еске салды. Оның құрамына мемлекеттік орган өкілдері, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері бар. «Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы аясында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру үшін «Жас сарбаз» қозғалысының өңірлік штабтарын құруды, өңір әкімдерінің жетекшілігімен қозғалысты дамыту бойынша үйлестіру кеңестерін құруды жоспарлап отырмыз. ҚР Білім және ғылым министрлігімен және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, еліміздің әр мектебінде әскери-патриоттық клубтар мен 5–11 сынып оқушылары үшін әскери мамандандырылған сыныптар ашу да көзделген», – деп атап өтті М. Таласов.

Негізі шешімі табылмайтын мәселе болмайды, шешу жолын іздеу керек сияқты. Қаржы, оқулықтың жоқтығымен шектеліп қоймай отансүйгіштікке тәрбиелеуді кіші тіптен бүлдіршіндерден бастау алу олардың Отанға деген сезімін ояту керек деп ойлаймын.

Әскери-патриотттық тәрбие беруде жанұяның рөлі зор. Кіші жастағы оқушылар армия және флот ардагерлері, Ұлы Отан соғысына қатысқан туған-туыстарының өмірбаянымен танысып, олардың елін қорғауға қосқан үлесінің маңыздылығына деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру керек. Бұл таңда мұғалімнің міндеті – мұндай жағдайда жоғары эмоцияға, кіші оқушылардың тез қабылдауына сүйене отырып, оларға ҚР Қарулы Күштерінің ерлік тарихтарымен ҚР Әскерінің және Әскери-теңіз флотының жауынгерлерін мақтанышпен айта отырып, болашақта солардың қатарына болғысы келетін сезімін дамыта білу. Мектеп жасындағы оқушыларға мұғалімдер тарапынан салт-дәстүрімізді, тілге деген жанашырлықты және отансүйгіштікті бойына ұялату үшін танымдық, қызықты жарыс сабақтар ретінде өткізу керек. Бұл жастағы балалар әскери спорттық ойындарға белсене араласады. Сонда ғана біздің жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімі бар азамат тәрбиеленіп шығады. Орта және жоғары сыныптарға әскери-патриоттық үйірмелер, ұйымдар әр мектепте ашып белсене жұмыс жасап, жеке форма беріліп арнайы сағаттар бөлінуі керек.

«Іс арқылы оқыту» – оқытудың негізі теорияны практикаға міндетті түрде енгізу. Балаларға шынайы әсер беретін штабтар құру. Әскери-жас ұйымдар (яғни, оқушылардан құралған әскери топтар) қандайда бір өміріне қауіпсіздік тудырмайтын оқиғаларға қатысып, құтқарып өздерін еліне пайдалы іспен айналысып ғана қоймай, біреуге көмегі тиетін ержүректі батыр екенің сезіне білу керек. Әрбір аптаның бір күні әскери-патриоттық сағаты өткізіліп онда: жырды жатқа айту, бірге кинофильмдерді көреді оны талдайды, батыр қалалардың тарихи орындырына бірге барады. Осылайша, мұғалімдер оқушылармен шебер біріккен жұмысы арқасында балалардың өмірі маңызды, әр қилы да қызықты бола түседі. Олардың психикалық даму кезеңдерімен ерекшеліктері әскери-патриоттық тәрбиелеу үшін өте жайлы жағдай жасайды. Оларда тадауға қажеттілік туындап, деректермен шынайы құбылыстарды жалпылап, өздерін қоршаған ортаға өз көзқарасы, адамгершілікке талаптары мен бақылау қалыптаса бастайды. Жеткіншек шақта басты жаңа туындайтын сезім, ол өзін ересек санау. Жасөспірімдерде, қызушылықтары тұрақты, әрқилы, өзін қоршағандарға қатысты қызметпен байланысты, барлық қоғамдық – пайдалы еңбектерге қатысу қажеттілігі айқын білінеді, сондықтан әскери патриоттық тәрбие осыған байланысты оларда жоғары қызуғышылықты тудырады. «Сарбаз» балалар – жасөспірімдерді дайындайтын мекемелердің саны ұлғайту керек. Оқушыларды әр түрлі әскери патриоттық тәрбиелеуде мектепте ұйымдастырылған шараларға қатысуы үлкен мәнге ие. Келешек Отан қорғаушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыру үшін оқу үрдісі негізгі орында. Оқушылар әр түрлі ғылым негіздерімен таныса бастайды, ол әлеуметтік шынайы құбылыстарды өзіне қатысты жаңа түсініктермен қорытып, шеберлікпен меңгеруіне әсерін тигізеді.

Айтарымыз, бүгінгі күні білім ошағындағы ұстаздар ұжымы және отбасында дәстүрімізді, Отанымызды құрметтеу және елін сүйетін заманауи талаптарға сәйкес білім мен тәрбиені бойына сіңіріп ғана қоймай, патриоттық сезімін ұялата білсек онда болашақта білімді, жігерлі, өз болашағына нық сенімді жас ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына кәміл сенуге болады.

А. Хабдылкан
ҚР Ұлттық музейі
talbesik.kz
фото интернеттен алынды

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған