Азамат Битан: «Бала ісіндегі басты 4 бағытты дамыта алсақ қой!..»

Ақпарат Редакция таңдауы

Бала мәселесі дегенде басқа емес, өзіміздің қазақ балаларының, үйімізде жүгіріп жүрген қара домалақтардың бүгіні мен келешегі ойлантпай қоймайды. Мына дамыған заман, дамыған техналогиялар кезеңінде қазақ баласы жан-жақтан ағылып жатқан неше түрлі өнімді тұтынуға мәжбүр. Ол өнімдердің «құрамына» қарап жатуға да шама болмай кеткені рас. Біз қашан бүлдіршінді жалықтырып алмайтын мультфильм жасаймыз деп жүргенде жаңа заманның куәгерлері жалпы мультфильм көруден де қалып барады. Ойыншық атаулының да формасы 180 градусқа өзгерді. Ұлттық болмысымызды танытамыз деп кітап жасап жатқанымызда сырттан сұранбай кіріп келіп жатқан мыңдаған оқулықтар азын-аулақ туындыларымызды жаншып өткені де рас.

Шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болған соң жерде бала тәрбиесі мәселесі мазаңды алмай қоймайды екен. Ол жыл өткен сайын ұлғая беретінді шығарды. Басында әкелерге деп, кейін басты бағытын отбасылық мәселелерге арнаған Talbesik.kz «алаңда алаң, алаң жұрттан» туған жоба еді. Нысана бала емес, әкелер, ер азаматтар тәрбиесі еді. Таныс программист маманға ағалап жүріп, таныс дизайнер жігіттерге сөз беріп келіп, әйтеуір өткен жылдың наурыз айында іске қостым. Анау айтқандай рейтинг «ұрып тұрмаса» да ондағы материалдардың жалпы оқылымы қазір жүз мыңнан асып кетті…

Сол «Талбесіктің» негізінде «Әкемен әңгіме» бейне-бағдарламасы дүниеге келді. Тағы да сол таныс оператор мамандарды шайға шақырып, «ертең байып кетсем сенімен бөлісемін» деген секілді уәделерді үйіп-төгіп жиырмадан астам шығарылымын жасап үлгеріппін. Мақсат – қазақтың жас азаматтары (оның ішінде өзім де бармын) қоғам алдында, ел алдында жүрген зиялы қауымның, есті қауымның ғұмырбаянынан нәр жинап, аз да болса ғибрат алса деген ой еді. Ол да өз биігіне жетіп барып тоқтады.

Сайтқа пайдалы контент күнде керек. Өсек пен төсек тақырыбын бере беретін «Өз ойым» емес. Есентаеваның тағдыры тақырыбыңа келмейді. Тағы бағыты әке, балаға ісі болған соң кәдімгідей қиын соғады екен. Содан баяғыда атылып кеткен арыстарымыздың еңбектерін қаздым. Бір жақсысы тегін. Ешкімге қолқа салудың керегі жоқ. Дегенмен ең қиын тұсы бұл қайткен күнде де өткен заманның шығармалары еді. Өткен заманның педагогикасы, психологиясы. Айтайын дегенім, осыдан келіп комикс негізінде дайындалған «Ілияс пен Заңғардың планшеті» мен «Ыбырай атамның әңгімелері» атты 2 кітапты дайындап шығардым. Жанымда Арман Әлменбет бастаған бір топ іскер жастар бар. Бұл сол кешке жұмыстан үйге келгенде балаларымның көңілін қалай ауласам екен, шіркін-ай, ұл-қызым ана тілімен сусындап өссе екен деген қамқорлықтан туған еңбектер еді. Ортаға салып келіп жіберіп сынайтындай дүние емес. Себебі суретін салған жас студент суретшілер. Қазір қарап отырсам, бар-жоғы 2 айда жарқ етіпті. Аяқ-асты демеуші де табыла қалды. Сөйтіп мерейіміз тасыды…

Бірақ бала психологиясы біздің әрекетімізден он есе алда келеді екен. Жетейін деп қаламыз. Жеткізбей кетеді. Жарты жыл бұрын «Уа, әлеумет! Мынадай кітап шығардық!» деп жұртшылықтан сүйінші сұрасақ, бүгін оны біреуге көрсетуге белгілі бір деңгейде қысыласың. Жаңа заманның балалары қазір you tube желісін қараудан да шығып бараады. Олар қазір қайда отыр дейсіз? Әлбетте, виртуалдағы Play market сауда үйінде. Ойын жүктейді. Аздан соң ол ойыныңыздың қызығы кетеді. Балақай айналып келіп you tube-ке кіріп жаңағы ойынның бейнежазбасын көреді. Онда ақырғы ойынның көріністері бар. Міне, жаңа заманның балаларының сұранысы осы. Жылдың төрт мезгілі секілді ауысып, дамып отыр. Сондықтан да қазіргі қазақ балаларын білімді, алғыр қылып өсіреміз десек ол үшін негізгі 4 бағыт бойынша жұмыстануымыз керек:

  1. Баспа ісі (кітап, журнал, газет, және ол жай кітап емес, жай газет емес, сөйлейтін кітап, сөйлейтін газет-журналдарды қолға алу)
  2. Анимациялық өнімдер (мультфильм, танымдық роликтер)
  3. Гаджеттерге арналған өнімдер (ертегілер, ойындар)
  4. Ойыншықтар да солай, сөйлейтін, шашылып қайта жиналатын ойыншықтар)

Тәуелсіздік жылдары дүниеге келсек те, кеңестік кезеңнің жасап шығарған әлдиіне жұбанып өскен ұрпақпын. «Даже сказка спать ложится, чтобы ночью нам присниться…» дегенді естігенде көзім еріксіз жұмылып, отырған жерде ұйқыға кететінмін. Мәтінін Зоя Петрова жазған, әнін Аркадий Островский құрастырған, заставкасын Александр Татарский тауып бекіткен бірнеше минуттық қиссаны көргенде әлі күнге дейін көзіме жас үйіріледі. Мінеки, кеңес одағының бала ісінде жеткен жүз жетістігінің біреуі. Мінеки аласапыран идеология! Ал қазіргі балалар қандай әлдиге тербеліп ұйықтайды? Өте қиын сауал.

Ойымды Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласынан үзінді алып аяқтайын: «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» деген екен.

Азамат Битан

Talbesik.kz отбасылық сайтының Бас редакторы, PR маман.

«JAS TÚRKISTAN — 2019» республикалық балалар шығармашылығы

марафонында жасаған баяндамасынан.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған