3 әкімнің қаперіне немесе революция батырларын қашанғы ұлықтаймыз?

Алаштың әлдиі Идеология Редакция таңдауы

Өткен жолы фейсбуктегі парақшам арқылы ШҚО әкімі Даниал Ахметовке, сондай-ақ Өскемен, Семей қалаларының әкімдеріне арнайы хат жазып едім. Әкімдердің соңғы кезде желідегі бенсенділігін ескерсек, жоғары жақтан бір жауап болар деп күткенім рас еді. Хатта танымал қазақ газеттерінің шығуына жағдай жасаған меценат, мешіттер мен мектептердің құрылысына үлес қосқан, қуғын-сүргін жылдары жазықсыз атылып кеткен Мұхамедхан Сейітқұлдың 150 жылдығына орай Өскемен, Семей қалаларынан көше атауын беруін сұрадым. Арада қанша күн өтсе де, не облыстан, не қала басшыларынан ләм-мим деген белгі болған жоқ. Хош, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жауап алудың кезегі келер. Әзірге оқырмандар назарына әлгі жазбамда көрсеткен басқа да ұсыныстарды толық ұсынып отырмын:

  1. Келер жылы Мұхамедхан Сейітқұл атамыздың туғанына 150 жыл толады. Өскемен қаласынан Мұхамедхан Сейітқұл атына бір көше атауы берілсе екен;
  2. Семей қаласындағы Тыныбай Кәукен мешітінің жанында Мұхамедхан Сейітқұл бабамыздың 2 жер үйі болған. Дәл осы үйде қазақтың зиялы қауым өкілдері аялдап, қонақ болған… Өкінішке қарай, ол үйлер қазір жоқ. Дегенмен орны қай маңда екені туралы мәлімет бар. Мешіт ауласына шағын мәліметтер жазылған тақтайша қойылса екен. Бұл болашағымыз деп сеніп отырған жас буын үшін үлкен тәрбие. Әрі бір жағынан шаһарға саяхаттап келетін туристер үшін де құнды мәлімет;
  3. Дәл осындай екі тілдегі ақпарат жазылған естелік белгіні Мұхамедхан Сейітқұл дүниеге келген Көкентау жеріне (ауылға кіре беріс жерге) қойсақ. Бұл да облыстың туризм саласының дамуына аз да болса ықпал етеді д;
  4. Семей қаласында қайраткердің ұлы – Қайым Мұхамедханов атында көше бар. Осы бір көше революционер Петр Шмитд атындағы (қаланың өте бір маңызды тұсы, әрі жұртшылық көп демалып, серуендейтін Ертіс өзенін жағалай орналасқан орын) көшеге барып жалғанады. Тіпті дәл осы маңда Клара Цеткин атындағы көше де менмұндалап тұр. Қайым атамыздың атындағы көшенің бергі басы қателеспесем орыс меценаты Морозовқа барып қосылады. Жоғарыда атап өткен Петрдің атындағы көшені меценат Мұхамедхан Сейітқұл атына берілсе, бұл әке мен баланың Тәуелсіз заманда қайта сағынысып қауышқан белгісіндей болар еді. Оның үстіне Мұхамедхан Сейітқұл Семей қаласына бөтен адам емес. Жоғарыда айтып өткендей, мектеп салған, мешіт тұрғызған, бала оқытқан, хәкім Абай секілді алыптармен аралас-құралас, замандас болған адам;
  5. Семей қаласында Түйемойнақ аралы бар. Аталмыш арал да тарихи оқиғаларымен ерекше. Қазақтың бірқатар ардақты азаматтары Түйемойнақта болғанын осында түсірілген тарихи суреттерден көрсек болады. Тіпті бұл қаншама жүз асылдарымыздың ату үкімі орындалған қасіретті орын. Ондағы Семей полигонының құрбандарына арналған арнайы ескерткіштің барына қарамастан арал кей жастардың алкогольді ішімдік ішіп, дискотека жасайтын көңіл көтеру орталығына айналған. Осы бір әдепсіздіктер тоқтатылса;

P.S. Жалпы елімізде соңғы жылдары аудан-ауылдардың ескі атаулары, көше атауларының өзгеру ісінде айтарлықтай оң өзгерістер бар. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің белсенділігін ерекше атап өтуге болады.

Құрметпен, Talbesik.kz сайтының

Бас редакторы Азамат Битан

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған