Шыңғыс Сейфолла, адвокат: «Дәрігерді босаттық. Бірақ жастардың көңілі қалмаса екен»

Ақпарат Редакция таңдауы
Суретте адвокат - Шыңғыс Сейфолла
Суретте адвокат – Шыңғыс Сейфолла

Маңғыстауда орын алған оқиға тәжірибеде осыған дейін де кездесіп жүр. Біріншіден, көп жағдайда шешімдер асығыс шығып жататыны сіз бен бізге жасырын емес. Сот қай кез болмасын айыпталушы тараптың дәлелдерін асықпай мән беріп қарауы керек. Алайда көбінесе оған Соттың да шамасы келе бермейді. Олардың жұмыстары да бастан асады. Дегенмен, айыпталып тұрған адам жай адам емес. Облыстағы білікті дәрігер. Аты дардай хирург. Бұған дейін қаншама рет іскерлігімен көзге түскен адам. Сондықтан бұл мәселеге абайлап келген дұрыс еді деп санаймын.

Рас, дәрігер аз уақытта босап шықты. Бірақ ол біз күткендей Судьяның әділдігінен емес, көптің қолдауымен өзгерген іс. Қаншама адам бейнежолдау жасады. Инстаграм мен фейсбуктегі балалардың өтініштерін көрдік. Әйтпегенде дәрігердің жазасы өзгере қояды дегенге сенбеймін. Шешім шықты, оны Судья неге өзгертуі керек?!

Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанда осындай жағдайлардан (екі жақты келіспеушілік) Сот ісінің артта қалғанын аңғару қиын емес. Алыстағы Маңғыстаудағы тәжірибесі бар, атақ-абыройы бар маманды керісінше мемлекет қорғауы керек. Бір адам арыз жазды екен деп қамай берсек бізде өзі маман қала ма? Оның ізін қуған жастарға не айтамыз? Насухан Отарғазиев білдей бір облыстың хирургі. Соған қарамастан ол кісінің қолын қайырып үлгердік…

Халықтың жоған жоқтайтын партия өкілдері неге үнсіз қалды? Облыстың тыныс-тіршілігін жазып отырған БАҚ та қимылдаған жоқ. Жұртшылық былай айтқанда осыншама шу шығарып, бейнеарыз жолдамағанда жағдай өзгеріссіз қалар ма еді, кім білсін. Президент, министрсіз шешетін істі тағы да айналып өте алмадық. Ол дәрігер өз ісінің маманы болған соң жұрттың алғысына бөленіп келген. Абыройы бар. Ал абыройы жоқ, бірақ расымен де айыпсыз адам айдалып кетсе ол қалайша ақталып шықпақ?! Дәрігерді босаттық. Бірақ болашақта дәрігер боламын деген жастардың көңілі қалмаса екен.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған