Азамат Битан: «Қазақ тілі мәселесін жұртшылықпен ақылдасып керек емес…»

Идеология

Кеше президент ағылшын тілін 2-3 немесе 5-сыныптан бастау керектігі жөнінде үндеу тастады. Және оны ата-аналардың шешкені дұрыс деп түйіндеді. Меніңше, дәл осы мәселені жұртшылықпен ақылдасып керек емес. Себебі біз, ата-аналар есті болсақ, балаларымыз орысша шүлдірлемес еді. Бұл жағдайды ойын алаңдарында, сауда орталықтарында, тіпті дос-жаранның үйіне барып та көріп жүрміз. Несін жасырамыз, балаларымыз орыс, ағылшын, тіпті қытай тіліндегі мультфильмдерді көреді. Бөтен елдің жазушылары мен әдебиеттерін, әртістері мен әншілерін төбесіне көтереді. Сондықтан да билік мемлекеттік тілдің жайын жақсартамын десе тіршіліктің қамымен басы қатып жүрген жұртқа қарайламай тізеден басып отырып бекіткені дұрыс.

Десек те бұл жағдайға кедергі болатын топтар жоқ емес. Оның біріншісі, қазақ тілінен алыс шенеуніктер. «Біздің кей министрлер «Елім-ай» әнін білмейді. «Елім-айды» білмеу ұлтты білмеу, үлкен қасірет…» деп марқұм Ақселеу Сейдімбек атамыз айтпақшы, шешуші тетікті ұстап отырған мұндай басшылар қалай болған күнде де кері тартары анық. Ондай шенділер өз балаларының бесінші сыныпқа дейін қазақ тілінде сусындауына іштей қарсы. Себебі «балам жасық болады», «дүниетанымы дамымай қалады» деген баяғы құлдық санаға салып қарайды.

Тағы бір топ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп келген жастардың арасынан шығуы ғажап емес. Олардың басым бөлігі жаңа заманға лайық білім алған дарынды азаматтар. Былай айтқанда, білмейтіні жердің астында. Алайда сол білім қуып кеткен жастардың басым бөлігі (менің таныс аға-бауырларым айып етпесін) бөтен елдің мәдениетіне уланып келгендер. Аңдамай жүріп болмысына дақ түсіріп алған, демократияны шексіз бостандық, не қаласаң соны істе деп ұғатын кей замандастар ағылшын, неміс, француз тілдерін баласының бесіктен белі шықпай жатып үйреніп алғанын қалайды. Сөйтсек түзу жолға түсеміз деп ойлайды.

Сондықтан да ҚАЗАҚ ТІЛІнің мәртебесін көтереміз десек, бұл шаруаны көпке созғыламай, көпке қарайламай, әрекетке көшкен дұрыс.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған