Ақселеу Сейдімбек. Қазақстанның телесаясаты – дәрменсіз, телеидеалы – рухани мүгедек

Идеология

Көрер көз, сезер жүрек болса, қазақтың рухани әлемі қазір өлім мен өмір додасын бастан кешіп отырғандай. Өлім деген жақта не тілі жоқ, не ділі жоқ, не дәстүрі жоқ рухани шаталардың «интернационализм», «біртұтас рухани кеңістік», «дамыған елдердің озық мәдениеті» деп даурыққан даңғазасы құлақ тұндырады. Ол аздай-ақ, кино өнері арқылы, теледидар арқылы, баспа өнімдері арқылы тасқындап құйылып жатқан шет жұрттың рухани үрдістері қойны-қоншымызды кеулеп, төрімізде тайраңдап, өз ұрпағыңды өзіңе жат етіп бара жатқанын қайтерсің?! Ақшаны күйттеген алаяқтарға бола халықтың рухани тағдырын құрбан етіп, коммерциялық телеарна ашып берген немкеттілігімізге дауа бар ма?!

Тек қана адамды зәбірлеу жолдарын көрсетуді мұрат тұтқан бұл телеарнаның нәтижесі енді бірер ұрпақ алмасқанда көрінеді. Бүгінгі аузы аңқиып, құлағы қалқиып құныға қарап отырған балалар күні ертең-ақ көкеңді танытып, коммерциялық телеарнадан көргенін алдыңнан шығарары хақ. Бұл орайда Қазақстанның телесаясаты – дәрменсіз, телеидеалы – рухани мүгедек. Қазір дүние жүзінде адам болмысын қалыптастыруда, қоғамдық өмірді реттеуде теледидармен өрелесер ештеңе жоқ деуге болады. Біз ұлттық теледидарымызды қандай етсек, ұлтымыз да сондай болмақ.

Шілде, 1991 жыл

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған