Сыйласаң сыйла, тірісінде…

Алаң

…Әкем жомарт адам еді. Түнеугүні Шоқан айтқандай, ойда жоқта қырық адам сау етіп кіріп келсе де анам екеуі қазан көтеріп, еш қиналмай риза қылып аттандыратын. Тіпті, студент кезімде сүліктей қап-қара «Лада» жигули әперді. Бірақ, мен оқуды бітіріп қызметке тұрған күннен бастап, соқыр тиын ұстатқан емес. Ерте үйлендім. Жас едік. Газетте ақша аз. Біріне жетсе біріне жетпейді. Қиналдық. Ағайындарым әке-шешеміздің арқасында шалқып отыр деп ойлайтын. Бірақ олар менен гөрі оларға көбірек көмектесті. Қиналғанда, әрине. Отбасының кенжесі болғандықтан, ол кісілер менің қолымда тұрды. Келе-келе «үлкендер бірдеңе беру керек-ау» деп ойламайтын да болдым. Олар мені өсірді, жеткізді, үйлендірді. Парызын орындады. Ендігі парыз менікі екенін түсіндім. Әкемнің берекелі дастарханын үзгем жоқ. Қайта үлкен кісілерді іздеп келген адамдарды мейілінше риза етуге тырыстым. Жиі келетін қонақтар қатарына менің қаламгер достарым қосылды. 

Шыны керек, басында кәдімгідей ренжитінмін. «Қолында ыстығына күйіп, суығына тоңып отырған маған неге көмектеспейді» деп. Кейін түсіндім. Бөлек тұратындар онсыз да өз тіршіліктерін өздері жасап үйренген. Маған сүйеніп босаң боп қалмасын дегені екен ғой, әкемнің. Тырбандым. Мұқтаждық көбірек еңбектенуді қажет етеді екен. Түнімен жұмыс істейтінмін. Жазамын да баяғы. Қаламақым көбірек болсын деп. Басқа да жол-жөнекей жұмыстарды да жасай салам. Мақсатым – әке-шешеме мұқтаждық көрсетпеу. Кейін пысып алдым, қолымнан кез-келген нәрсе келетін болды. «Әкем береді ғой» деген немесе «Әкем неге бермейді» деген ойдан әкем мені осылай арылтты. Мен де балаларыма осыны ұғындырғым келді. Сіз де ұғындырғаныңыз жақсы. Мүмкін күні-түні жұмыс істеп сізді бақсам дейтіндей халде емес шығарсыз. Бақуатты боларсыз. Сонда да баланы еңбеққорлыққа, әр тиынның қадір-қасиетін түсінуге, қанағатшылдыққа, ата-ананы құрметтеуге тәрбиелеу – әкенің міндеті. Мүмкін ренжір, көрмей кетер. Бір күні өзі әке болғанда түсінеді. Ұрсып айту міндет емес. Әрекет. Үлгі. Осы керек. Осының болмауынан көп жақсы әке тоғышар балаларының азабын тартып жүр. Мен онша жақсы әке бола алып жүрмін бе, оны білмеймін. Оны балалар айтар. Мүмкін көзімнің тірісінде. Мүмкін өлгеннен кейін. Көбіне үлкендердің қадірін көздері кеткен соң түсінеміз. Сағынамыз. Иісін аңсаймыз. Бір ауыз сөзіне зар боламыз. Алайда ана дүниеге барар жол бар, қайтар жол жоқ. Сондықтан сыйласаң ата- анаңды тірісінде сыйла. Мені əкем тірісінде «жақсы бала бола алдым ба?!» деген ой мазалайтын. Қазір «жақсы əке бола алдым ба?» деген ой көбірек мазалайды. Сіз қандай әкесіз…

© Әділбек Қаба

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған