Ағабек Қонарбайұлы: Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу

Алаң

Жүсіпбек Аймауытов бабамыз бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген екен. Кейде өз баламыздың қабілетін, болмысын, мінез-құлқын ескермей, шамасынан тыс «тапсырмалар» жүктейміз, айтқанымызды істетуге тырысамыз. Бұл әрекетіміз сәтсіз болып, әке мен баланың арасында түсінбеушілік пайда болады.

Осы ретте бала тәрбиесіне қатысты білсек – байқамай қалатын, сезсек – сезінбей жататын бірнеше факторларды ескере кеткіміз келеді. Біріншіден, балаға сөзбен емес, іспен үлгі болу. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені, бізден кеткен қателікті сәби «дұрыс дүние» екен деген пікірде қалады. Екіншіден, жұмсақтық. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Оны бетінен қайтару немесе қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, мойындатуға тырысуымыз тиіс. Сонда ол саналы түрде шалыс басқан қадамын ендігәрі қайталамауға тырысады. Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма», – деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық жақсы. Бірақ ол баланы босаңсытып жібермеуі қажет. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған да жақсы. Төртіншіден, онымен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжықтық танытады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Бесінші, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталағысы келеді. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген дұрыс. Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез-келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы талап етіңіз. Өйткені, сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы, өз «билігіңізді» жүргізесіз. Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі жарасқан қайырлы баланы Алладан тілеу – біздің борышымыз. Өйткені, қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. Қазақтың: «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер», – деген қанатты сөзі қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет. Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік.  

Мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деген екен. Тағы бір хадисте: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрибе беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – делінген. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін сөз. Бір ғұлама: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан қымбат», – депті.

Ендеше, бала тәрбиесіне алаңдаған адамның әрбір ізгі амалы – садақа.   

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған