Амангелді Айталы: «Үштілділік саясатты түгел қолдамаймын»

Педагогика

«Үштілділік саясатты түгел қолдамаймын. Халықтың көбі қолдамайды. Себебі, әлемде үш тілде оқытудың өзі сирек кездесетін тәжірибе. Әлемде негізінен екі тіл оқытатын тәжірибе кең тараған. Соның бірі мына Канада мемлекеті. Канада да негізінен екі тілде сөйлейді. Ағылшын тілді канадылықтар бар және француз тілді канадылықтар бар. Француз тілді канадылықтар ағылшын тілін білуі керек. Ағылшын тілді канадалықтар француз тілін білу керек. Бір елде екі мемлекеттік тіл.  Бірақ мектепте де, білім саласында да мынадай бір ұстанымды берік қолданады. Егер де оқушы, мысалы ұлты француз тілді дейік, осы тілді жетік білсе 15 жасқа дейін ол тілде оқыса, сауатты жазса, онда ағылшын тілін оқытуға болады. Ағылшын тілінде сөйлейтін балалар осы тілде жақсы оқып, біліп, сауатты жазатын болса, француз тілін оқиды. Бұл жерде айтайын дегенім, жалпыға бірдей ағылшын тілі емес, әуелі ол бала ана тілін біле ме екен, бойына сіңірді ме екен, сөйлеп, жаза ала ма екен? Содан кейін барып басқа тілді оқыту керек.

Енді бүгін жаппай ағылшын тілін оқыту бір жағынан шығын. Екінші жағынан оның мұғалімдері де жоқ. Үшінші жағынан ана тілін толық меңгермеген қазақ түгіл, басқа мемлекеттерде бүгінгі күні Ресейдің орыстары, Германияның немістері ағылшын тілін жаппай оқытуға қарсы болып отыр. Француздар да солай. Мысалы социологиялық зерттеу жүргізгенде Германияда төрт немістің бірі ағылшын тілін оқытуға қарсы болған. Францияда қарсыластар өте көп. Оларды «ұлтшыл ұлт» деп Еуропа одағы қатты сынайды. Франция тіпті одан әріге кеткен. Мысалы, театрда он қойылым болса, оның сегізі француз авторлары болып, ел  тарихына,  мәдениетіне арналуы тиіс. Кино да сол секілді. Мынау жаһандану заманында ұлтты, оның мәдениетін, тілін қолдамасақ, біз көштен қалып қоямыз, ұтыламыз деп француздар қатты алаңдауда. Мұндай ұлттық саясаты үшін оларды ағылшындар да, немістер де, басқалар да жек көреді. Есесіне француз үкіметі өзінің саясатын мықты ұстап отыр. Біздерде де осындай бағыт басталды ғой деп ойлаймын. Тілді құрметтеу – тек тілде сөйлеу ғана емес, тарихты құрметтеу. Мәдениетті, театрды, көркем өнерімізді құрметтеу. Бәрі бірге келетін дүние ғой. Үлкен бір саясаттың бағыты осында жатыр.

Бүгін жоғары оқу орындарында шүкір, жас мамандар дайындалып жатыр, бірақ оларға сұраныс туғызбайды. Жұмысқа қабылдағанда оның қазақ тілінен гөрі, орыс тілін білгенін жақсы көріп тұрады. Тілді оқытқанмен сұраныс болмаса, тілдің беделі болмайды. Ең басты біздің қателігіміз сұраныс туғызбай отырмыз. Жақында бір сөзінде Президентіміз ел халқының 70-80 пайызы қазақ болса, алаңдамай іс қағазын қазақ тілінде жүргізуге болады деп айтып қалды. Қай жерде де қазақ тілім деп сөйлегенде тілдері тәтті, бірақ істері қатты. Ақтөбеде жиналыстардың көбі орыс тілінде өтеді. Бірақ өңірдің басшылары  қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді, басқалары түсінбегеннен кейін орысша сөйлеуге кейде мәжбүр болатын сияқты.

Өзімнің жеке басымның қауіптенетін тұстары бар. Қауіп неден? Мынау соңғы халық санағы бойынша 1989 жылы қазақ 40 пайыз болды. 1999 жылы 13 пайызға өсті. Ал 2009 жылы тағы 10 пайызға өсіп отыр. 10 жыл сайын қазақтың саны 10 пайызға өсіп отыр. Енді 2019 жылы тағы халық санағы болады. Сонда қазақтар 70-тің үстіне шығады, сөз жоқ. Он адамның жетеуі Қазақстанда қазақ бола тұрып, іс қағазын орыс тілінде сайратса, бүгінгі жастар бұған үлкен қарсылық  білдіреді. Баяғы кеңес заманында тәрбиеленген ұрпақ кетіп жатыр. Олар қазақ тіліне жаны көп ашымайтын ұрпақ еді, біртіндеп азайып барады. Ал енді қазақ мектебін, қазақ жоғары оқу орнын бітірген жастарға біз бүгінгідей орыс тілін таңсақ, елде үлкен қарсылық тууы мүмкін. Мұның алдын бүгін алуымыз керек. Осының төңірегінде терең ойлансақ деймін. Ал екінші жағын қараңыз, 1989 жылы Қазақстандағы орыстар 37 пайызды құраса, 1999 жылы 7 пайызға кеміді. 2009 жылы тағы 7 пайызға кеміді. 2019 жылы тағы кемиді. Әр он жылда қазақ ұлты 10 пайыз өсіп тұрса, орыстар 7 пайыз кеміп, жағдай өзгеруде. Демек, біз бір ұлттық мемлекетке айналып келеміз. Сондықтан бүгінгі күні демографиялық жағдайды есептей отырып, мемлекеттік тілдің енуіне, қолданысына аса зор мән беруіміз керек. Аса зор! Мұның басқа да маңызы бар. Еліміздегі әртүрлі радикалдық діни  топтардың бір сыны  орыс тілінің үстемдігі. Егер елімізде бұрынғыдай қазақтың тіліне, тарихы мен мәдениетіне, дәстүріне мән берсек, түрлі топтарға еріп жүрген жігіттердің беті бері қарайды. Мұны да біз ескеріп, үлкен саясат ұстануымыз керек».

Амангелді Айталы,

ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері.

Философия ғылымының докторы, профессор.

«Baq.kz» сайтына берген сұхбатынан.

Бөлісіңіз:

1 thought on “Амангелді Айталы: «Үштілділік саясатты түгел қолдамаймын»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған