Ғылым не береді?

Алаштың әлдиі

«Адамзат өмірінің бастапқы дәуірлерінде, ғылым жоқ кезде, болса да нашар болып жаңа туып келе жатқан кезде кісі көп табиғи нәрселерді не екенін анық білмегендіктен, яғни табиғатты жете танымағандықтан Құдай деп білген. һәм табиғатта болатын әртүрлі өзгерістердің, әр қайсының өз алдына Құдайы бар деп ойлаған. Мәселен, ол кезде кісі табиғатты дұрыс тани алмағандықтан күнге де, айға да, жұлдыздарға да, отқа да, жыланға да, өгізге де әр басқа бірсыпыра мақұлықтарға да Құдай деп табынған. Әуелгі кездегі кісілер табиғаттың сырын білмегендіктен күнді күркірететін бір Құдай бар. Жаңбыр жаудыратын бір Құдай бар, жылдың бір Құдайы бар, күннің бір Құдайы, түннің бір Құдайы, жаздың бір Құдайы, қыстың бір Құдайы бар, ағаштың бір Құдайы, судың бір Құдайы бар, тағы басқа сол сияқты толып жатқан Құдайлар бар деп ойлаған.
Осылайша, табиғатты тани алмағандықтан һәм табиғаттың сырын білмегендіктен мәжусилер, яғни, Құдай көп деп білушілер діні туады. Мәжусиліктің қалдығы осы күнге шейін бар. Мәселен, аққудың, судың орманның иесі, теміршінің, дүкеннің иесі деген һәм басқа осы сияқты сөздер бар. Бұл мәжусиліктен қалған жұрнақ, сөйтіп, табиғатты танымаған кісі, яғни ғылым білмейтін надан кісі Құдайын да жөнді танымаған.
…Сөздің қорытындысына келсек, кісінің өмір бойы дамыл таппай әрекет қылғандағы іздейтіні — тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу, білім және әдемілік. Бұлардың бәрі де ғылым арқылы ғана табылады. Сөйтіп, ғылым не береді десек, ғылым кісінің іздегенінің бәрін беретін болып шығады. Олай болатын болса, әрбір жұртқа алдымен керек нәрсе – ғылым. Ғылымға әуес болу ілгері басатындықтың белгісі, ғылымды керексінбеу кері кеткендіктің белгісі».

           «Алаш көсемсөзі» І том «Ғылым не береді?» мақаласынан.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған