Түлкі әділ, қой ұры ма?

Педагогика

Шақырды Қарашекпен Қойды сотқа,
Күймей ме біреу үшін біреу отқа,
Белгілі Қойдың тауық жемейтіні,
Жазықсыз жаза тартқан пенде жоқ па?

Түлкі екен судьясы «теңшіл» деген,
Атақтан сау емес ед «жемшіл» деген.
Бір күні талапкер мен жауапкерге
Шақыру қағаз шықты келсін деген.

Екеуі айтқан күні сотқа келді,
Түлкі екең Қойды көріп, көңілденді.
Тексеріп арлы-берлі жауап алып,
Тез істі бітірмекке жәқаттанды.

Талапкер Мұжық айтты: – Пәлен күні,
Қотанда Қойдың жалғыз қалған түні.
Жоқ болып екі тауық ертеңінде,
Сүйегі, бұрқыраған жатыр жүні.

Дер едім сырттан ұры келген шығар,
Шықпады түні бойы иттің үні.
Ойыма, салыстырып қарадым да:
Қой екен жеген дедім, шексіз мұны.

Қой айтыпты: – Шөпке тойып күні бойын,
Қозғалмай жаттым ұйықтап түні бойын.
Біледі аймағымның бәрі, тақсыр,
Жоқтығын бұзық көңіл, арам ойым.

Құдайға аян, ұрлық етпегенім,
Орнымнан тұрып түнде кетпегенім.
Жалғыз-ақ тауықтардың тұсында емес,
Аслан* өмірімде ет жемедім.

Ал сонда Түлкі қалай үкім етгі,
Ұрлаған тануға да – деді епті.
Өзге ұры келмегенін сонан білем,
Оқиға болмыс күні ит үрмейді.

Келмесе сырттан ұры, бұл жемесе,
Жоғалып екі тауық, қайда кетті?
Жан берсе, нанып болмас жақын жатып,
Жемедім дегеніне тәтті етті.

Тексерген іс түріне қарағанда,
Мүғайын* тауықтарды осы жепті.
Обал жоқ, өртесе де мұны отқа,
Апарып өлтіріңдер, байлап оққа.
Терісімен талапкерді риза етіп,
Ап келіп тапсырыңдар етін сотқа!

*Аслан (Арабша) – тумысынан, өмірінде, тіпті мүлдем

* Мүғайын (арабша) – анық, белгілі

Ахмет Байтұрсынұлы

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған