Ыбырай Алтынсары. Әке тілін алмаған бала туралы әңгіме

Алаштың әлдиі

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

— Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.

Бала әкесіне:

— Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.

Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем – бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым – ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты:

— Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың, — деді.

Әкелерге тапсырма:

Сұрақ-жауап әдісі баланың ақыл-ойын дамытатын ең жақсы әдістердің бірі. Оларға мәтінге байланысты төмендегідей сауалдарды қою арқылы, есте сақтау қабілетін, пікір білдіру мүмкіндіктерін дамытайық. Берген жауаптарын смартфоныңыздың көмегімен диктафон арқылы жазып алып, кейін бірге тыңдаңыздар. Кішкентайларыңыздың тәтті үнін естелік ретінде де сақтап қойыңыз.
                                                                               

Сауалдар:

  1. Бала неше жаста?
    2. Әкесі баласына қандай тапсырма беріп еді?
    3. Әкесі шиені неше тиынға сатып алды?
    4. Шығарманың жалпы мазмұны не?
Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған