Ұларбек Нұрғалымұлы. «Үй жұмысы» деген не? 

Тілашар

Жетекші апай: 
Бас-аяғын әдемі, 
Айналдырып өлеңге? 
Кім айтады, балалар 
«Үй жұмысы» деген не? 

1-бала: 
«Үй жұмысы» деген ол – 
Сурет, бояу, жапсырма. 
«Орында»,- деп апайлар, 
Үйге берген тапсырма. 

2-бала: 
Кеште балабақшадан, 
Үйімізге барамыз. 
Киімімізді реттеп, 
Орынына саламыз. 

3-бала: 
Үйде болса әкеміз, 
Үйде болса анамыз, 
Ең алдымен оларға, 
Сәлемдесіп аламыз. 

4-бала: 
Тазалыққа көңіл бөл, 
Деген сөзді ұғамыз. 
Отырарда тамаққа, 
Қолымызды жуамыз. 

5-бала: 
Тамақ келіп алдыға, 
«Біссіміллә» деген соң, 
Қол саламыз табаққа, 
Әке бастап жеген соң. 

6-бала: 
Әжем менің үйреткен, 
Ата-ананы сыйлауға. 
Көмек керек анаға, 
Ыдыс-аяқ жинауға. 

7-бала: 
Үйде қонақ болса егер, 
Әңгімеге қанамыз. 
Сүлгі, қасық әперіп, 
Рахметін аламыз. 

8-бала: 
Үй ішінде ойынмен, 
Жүріп алмай есіріп. 
Тапсырмасын апайдың, 
Орындаймыз отырып. 

9-бала: 
Көп уақыт жібермей, 
«Балапанды» көруге. 
Ерте жатып ұйықтаймыз, 
Бақшаға ерте келуге. 

Жетекші апай: 
Қандай жақсы тақпақтар, 
Тыңдадым мен сендерден. 
Үй жұмысы тек қана, 
Тапсырма емес мен берген. 
Жақсы бала болады, 
Осыларды меңгерген. 
Жарайсыңдар балалар! 

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған