Таңжарық Ниязбек: «Атам қолы ашық, кең пейілді жан еді…»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Атам 1942 жылы 9 ақпанда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Тұз фермасында дүниеге келген. Аты-жөні Ниязбек Ахметбекұлы. Атамыз 14 жасында ата-анасынан ерте айырылып, өзінің еңбекқорлығымен Қостанай қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, мал дәрігері (зоотехник, веттехник) мамандығын меңгерген. Алғаш еңбек жолын Шилі ауылында мамандығы бойынша бастаған. Атам көпке сыйлы болған кісі. Қолынан келгенше адамдардың барлығына көмектескенді жөн санайды екен. Сондай-ақ, сеніп тапсырған міндеттерді жауапкершілікпен орындап, тыңғылықты іс тындыруға өте шебер болған. Артынша өзінің туған жері Тұз фермасына келіп, сатушылық қызмет жасаған. Арада бір-екі жыл өткен соң бір отар қой алып, шопан болған. Ол уақытта мал басын өсіру ең жауапты қызмет екен. Атам жыл сайын қой төлдетіп, орташа есеппен 100 бас аналық қойдан 105  төл алып отырған. Аға шопан атанып, озаттар тақтасына есімі жазылған кісі.

Әкемнің айтуынша, атам жомарт, қолы ашық, кең пейілді болыпты. Үнемі балаларына ақыл-кеңесін айтып, көпшіл болуды еске салып отырады екен. Жоқ болса да бар деп айтуды балаларының санасына сіңірген. Бірақ өзім атамды көрген жоқпын. Дүниеге келгенде атам өмірден озды. Өзім қатарлы атасы бар балалар еркелеп, мойнына асылып жатқанда көзіме еріксіз жас алам. «Атам тірі болғанда мен де осылай еркелеп арқасында жүретін едім» деген ойлар еріксіз келеді. Егер атамды өз көзіммен көргенде бұдан да көп дүние жазар едім. Ал бұл естелік әкемнің айтқаны.

Атам мен әжем 11 бала тәрбиелеген екен. Тағдырдың жазуымен 3 баласы дүниеден өткен. Ал, 6 ұл, 2 қыз бір-бір отбасы болған. Әкем осыған да шүкіршілік етіп, тәубе қылады. Атамның айтқан ақыл кеңесін, тағылымды тәрбиесін маған да айтып, үнемі жақсы адам болуды үйретіп келеді. Мен атаммен мақтанамын. Атамның ғұмыры қысқа болса да елге жасаған еңбектері өте көп. Ол кісінің көзін көрген кісілер мені көргенде кімнің баласы екенімді айтпай жатып: «Сен Ниязбектің немересісің бе?» дейді. Қайдан біліп қойды десем, мен атама қатты ұқсайды екенмін. Сондықтан мен де атам сияқты кең пейілді, көпшіл, еңбек сүйгіш болуды армандаймын. Менің атам ел игілігі үшін тер төккен адам. Атамдай бола алсам арманым жоқ!

Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Торғай ауылы.

Ш.Уәлиханов атындағы

Торғай орта мектебінің 2 сынып оқушысы.

Бөлісіңіз:

1 thought on “Таңжарық Ниязбек: «Атам қолы ашық, кең пейілді жан еді…»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған