Жанерке Елубайқызы: «Атамның дәрі ішкенін көрмеппін»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Өмірін жары мен балаларына, дін жолына арнаған атамның жатқан жері Жәннатта болсын. Мен атамды тұнып тұрған өнегеліктің үлгісі деп білемін. Бұл өмірдегі әр нәрсенің орнын айнытпай түсіндірген атама алғысым шексіз. Барлық досыма атаның қадірін білейік, аялайық, өсиеттерін тыңдап, ақылды болайық дегім келеді.

Ол кісі керемет жұмыскер еді. Құлқын сәріде шамасы сағат үш-төрттерде тұрады, содан бір дамыл таппайды ғой. Үйдің төңірегін күнделікті тазалау, малды өріске жіберу, кешке алдынан шығып қайыру, орнын орнына жайғастыру, мал кезек бағу сияқты шаруалардың бәрін еш адамды жолатпай өзі-ақ атқарып тастайтын.

Атамның қол орағы болатын, сонымен қыстық шөбін жаздың қайнаған ыстығына қарамай өзі шауып, арбамен үйге тасып алатын. Жусаннан жасалған сыпыртқысы болатын. Сонымен арасында аула сыпыратын. Әжеме кейде «Сенің үйіңнен менің далам таза» деп айтады. Қазіргі уақытта ауылға барған кезде ауылдан ондай шаруақор ақсақалдарды көрмейсің. Сол кездің үлкендері қандай мықты болған. Соған қарамастан бірде бір рет төсек тартып: “Мына жерім ауырып еді” деп айтқанын, не бір дәрі-дәрмек ішкенін көрмеппін. 

Ақырын жүріп анық басуға, ешкімнің ала жібін аттамауға, кісінің ақысын жемеуге тәрбиелеп кетті. Атамның маған берген үлгісі көп, атамның көрген өмірін көрмесек те, атамның ұлы жолын маған берсе екен деймін.

Ақсақалдың немересінен келіп жеткен жазба.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған