Ыбырайдың біз ұмытқан 3 ертегісі

Педагогика

Түлкі мен ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға кез болып, түлкіні көреді.

– Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? – депті.

– Ой, не қыласың, жаныма райыс (рахат мағынасында) тауып тұрмын. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім. Апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, – депті түлкі.

     Мұны естіп ешкі: «Мен де салқындайын, әрі су ішейін», – деп ойлап, секіріп апанға түсіпті. Сонда түлкі секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне табан тірепті де, ырғып далаға шығып, жөніне кетіпті.

 

Қарға мен құрт

Қарға ұшып жүргенде жерде жорғалап бара жатқан құртты көріп, тұмсығымен тістеп алып ұшып кетті. Құрт байғұс істің жаманға айналғанын біліп:

– Әй, қарға батыр, әке-шешеңді де көріп едім, асқан жақсы құстар еді, — деді.
Қарға тәуір көріп, тұмсығымен «уһ!» деді.

– Апа-ағаларыңды да білуші едім, — деді құрт.
Қарға тағы «уһ!» деді.

– Бірақ соның бәрі де сенен жаксы емес еді, — деді.
Сонда қарға масаттанып «аһ!» дегенде, аузы ашылып кеткен соң, құрт жерге түсіп кетіп, құтылды дейді.

 

Сауысқан мен қарға

Ала сауысқан бір бұтақтан бір бұтаққа қонып, тынбай шиқылдай беріпті. Қасындағы құзғын-қарға үндемей отырыпты-мыс. Сонда сауысқан:

– Қарға тамыр, сен неге үндемейсің, әлде менің айтқан сөздеріме нанбай отырмысың? — депті.

Оған қарға айтты дейді:

– Рас, сауысқан мырза, еркін сөзіңе наныңқырамаймын. Саны-сапасы жоқ көп сөйлеген мылжың шын сөзді азайтады деп білемін, — депті-міс.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған