Ұлың ер азамат болсын десең, алдымен өзің ержүрек бол!

Алаң

Автобус аялмадамасы. Баласын жетектеген жас әке тұр. Жасы шамамен 30-32-де. «Әли, қой секірме, жүгірме…» деп ескерту айтып жатыр. Баласы сол мезетте қоя қояды. Сәлден соң қайта бастайды. Әкесі де қайталауға жалықпайды-ау. Бір кезде жандарында тұрған ақсақал жас әкеге қарап:«Бала әкенің айтқанымен өспейді, оған қарап өседі» деді де келген автобусқа кіріп кетті. Бәрі таңырқап тұрып қалды. Осы мезетте менің әкемнің айтқаны есіме түсті.

«Балам, баланы тәрбиелеу дегенді қою керек. Алдыменен өзіңді тәрбиелеу керек. Қазақта «Әкенің айтқанымен ұл өседі, шешенің айтқанымен қыз өседі» деген сөз жоқ. Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз бой жетер» дейді. Сенің балаларың саған қарап өсіп келеді, сенің қам-қарекетін қандай, айтқан сөзіңде тұрасың ба… балалар бәрін де «губка» сияқты сіңіре алады. «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Ертең олар бәрін де қайталайды.

Сен өзің айтқаныңды істемесең, айтқан сөзіңе лайық болмасаң, мың рет ақыл айт, бәрібір де баланың бойына сіңбейді. Сенің бір ғана іс-әрекетің мың рет айтқан сөзіңнен артық. Қазақ бекерден бекер «әкеге қарап…» демейді. Қарау дегеніміз – таным. Яғни, бала әкеге қарап отырып, таниды. Мысалы, қыз баланы алайық. 2-3 жасар қыз не істейді? Анасының көйлегін не аяқ киімін киіп алады. Неге? Өйткені, қазір ол үшін ең жақын, ең таныған адам – анасы. Соған ұқсағысы келеді. Соған еліктейді, сенеді. Сондықтан оған (балаңа) құрғақ сөз айтпа, алдыменен өзіңді тәрбиеле. Яғни, ұлының нағыз ер азамат болғанын қалаған әке, өзі нағыз ер болуы керек».

Дәл осылай мына жас әкеге де айтпақшы болып едім, үлгермедім. Келесі автобусқа мініп кетті. Әйтеуір осы жерден оқитын шығар…

Бектұрған Арыстан
talbesik.kz

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған