Азамат Битан. Қазақтың бір нақылының мән-мағынасы

Педагогика Редакция таңдауы

Қазақ – ұрпақ тәрбиесіне әуелден ұқыпты қараған халық. Данышпан ата-әжелеріміз: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» деген екен. Бала тәрбиесі ісінде үлкен рөл атқаратын осынау нақыл сөз туралы тарқатып жазып көрейін.

                                         «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт»

Бала тәрбиесі тақырыбында кітап жазған қай автордың да еңбегін қарасақ, 3 жасқа дейін перзентіңіздің психикалық даму процестері, мінезінің іргетасы, тұлғалық қаңқасы қалыптасып қояды. Сол себепті де қандай істе болмасын балаға ата-анасы еркіндік беріп, оның бастамаларына түсіністікпен, тіпті құрметпен қарау керек.
Өз тәжірибемнен білетінім, әдетте әлгіндей бастамалар сабырыңды тауысады. Оңай емес. Бірақ шыдайсың. Айталық, қалам алып, қабырғаны сызамын десе де, алдына қойған тамағын ұқыпсыз жесе де (өзіне ұқыпты ғой), соның бір амалын тауып, жағдай жасау керек. «Олай жасама», «Бұлай болмайды» деген сынды ескертулерді үнемі естіп өскен бала бұзық, ынжық, қырсық болып қалыптасады екен. Ол рас та.
Қазақтың «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт» деген сөзінің мәнісі осында жатса керек. Патшаңдай күт, яғни еркелігін көтер, бұзықтығына шыдап бақ. Барлық бала осы жолдан өтеді. Бұл оның əке-шешесі үшін ең жауапты жұмыстың бір бөлшегі ғана. Келісесіз бе?

   Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса

Әлбетте, «құлыңдай жұмса» деген сөз тікелей мағынасында емес. Алайда бес жасқа толған балаға ата-анасының талаптары күшейіп, тапсырмалар тізімі жасалуы керек. Осылайша есі кірген баланың әке-шеше алдында жауапкершілігі артады. Әр ісіне ұқыппен қарап, еңбекке үйренеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бала кезде үйретілген нәрсе тас үстіне қашалған жазба сияқты» деген екен. Кім өзін қаншалықты құрметтесе, баласын да соншалықты құрметтейді. Бала психологиясы ғылымының мамандарының пікірінше, қорқыту арқылы дегенін істету оң нәтиже бермейді.
Қалай десек те таяқ арқылы жөнге салу басты құралға айналмауы шарт.
Ақылмен жұмсай білу – кез-келген ата-анаға оңай соқпайды. Оған тағы білім керек.
Сондай-ақ, жас баланы орындаған жұмысы себепті мақтап отыру да оның кезекті бір тапсырмаға жігерін оятады. Орнымен сыйлық беру де тамаша тәсіл. Бірақ «былай істейтін болсаң ақша берем» деп оны сатып алудан абай болыңыз. Жас баланың таза жүрегі осындай әдістерден соң бүлініп шыға келеді. Бұл ретте менімен келіспеулеріңіз де мүмкін.
«Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса» деген сөздің астарында перзентіңді еңбекке баулы, жауапкершілігін арттыр, өзіне деген сенімділігін күшейту жолында жұмыс қыл деген мағына жатса керек.

Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса

Баланың ақылы кіре бастаған сәттен бастап онымен әкесі әке есебінде, анасы ана есебінде көп істерді ақылдасып, қандай бір жұмысты кеңесіп барып қылса, бұл баланың оларға деген сенімділігін күшейтіп, сыйластығын арттырады. Қатып қалған қағида жоқ, негізі әр бала әр түрлі болып келеді. Қоршаған ортасына қарай олардың мінезі, қабілеті, тіпті есеюі де әр түрлі. Жүсіпбек Аймауытұлы өзінің бір мақаласында баланың белгілі бір ортаға қарап бой түзейтіні турасында былай дейді: «Орыс баласы оқудан босаса, футбол, доп, жарыс, неше түрлі дене тәрбиесі, қазақ баласы оқудан шықса көше қыдыру, таныс жағалау, жоқ жерден пайда қыла қою… Орыс баласы бос болса құс атады, қайыққа мінеді, музыка тартады, кітап, әдебиет қарайды. Қазақ баласы қолы босаса, түтін аңдиды, өсек аңдиды… Бұ қалай? Орыс баласы істеген өнер қазақ баласының қолынан келмей ме? Әбден келеді. Бірақ мойны түскір жар бермейді. Неге? Көргені, үлгісі жаман». Сенім мен құрмет – баланың өз отбасына деген махаббатын күшейтеді. Сондықтан балаңыздың бөліскен ойларына, пікірлеріне, жоспарларына сыйластықпен қараңыз. Мүмкіндігінше келісімге келіп, айтқандарына құлақ асып отырған дұрыс-ақ.
Көп жағдайда ата-анасының жылуын сезінбеген балалар жамандыққа ұрыншақ келеді. Теріс істерді тығылып жүріп істейді. «Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген сөздің негізінде балаңды өзіңе жақын тарт, уақыт бөл, сырлас, жан дүниесін бақыла, бұ жалғанда өзін жалғыз сезінбесін, көңіліне кірбің салма деген мағына жатса керек. Міне қазақтың тәрбиесі қандай!

Сөз түйіні

Баланы дүниеге әкелу басқа да, ары қарай азамат қылып шығару өз алдына басқа міндет. Үйлену қиын емес, сол шаңырақты берекесін кіргізу әлдеқайда қиын екен. Ол және ата-анаға бірдей жүктелетін міндет. Сол себепті бәрінен бұрын отау көтереміз деген жастар ертеңгі ұрпақтың тәрбиесіне қаншалықты дайын, қаншалықты сабырлы, осы жағына мұқият ойланып барып қадам басу қажет екен.

© Азамат Битан

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған