Нұрлы Қазбекова: «Атам қатал болғанмен, әділ еді»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Мен сіздерге атам Қосымбетов Ділда Қосымбетұлы туралы әжемнің  айтқан әңгімелерінен есімде қалғанын  жазып отырмын.  Атамның  суреті үйде төргі бөлмеде ілініп тұратын. Мен есіме түскенде «Әже, атам қайда?»- деп сұрасам, сол кездегі әжемнің айтатыны «Ол алысқа кеткен. Бізді таба алмай жүр» – дейтін.

Арғы аталары халқына сыйлы, бай-қуатты, ат құлағында ойнаған  көкпаршы кісілер болған екен. Жігіттік  шағы  ашаршылық кезеңіне тура келіп, атам  өз тума-туыстарын  ашаршылықтан алып  қалу үшін таныстарының  айтуымен Өзбекстан арқылы Түркменстан жеріне апарады. «Барар жолда аштыққа шыдамаған балаларды жол жиегіне барғанша көміп бардық» – деп айтып отырушы еді  әжем. Атам сол жерден еш пайда болмасын біліп, туған жерінен алып келген барлық заттарын мен айдап барған малдарын тастап, балалары мен туыстарын кешкі пойызға салып, еліне аман-есен жеткізіпті.

Ашаршылықтан әупірімдеп өткенде Екінші Дүние жүзілік соғыс басталып кетеді. Бір үйден ағайынды 3 жігіт Байділда (атамның ағасы), Ділда (атам), Мұсақұл (інісі) соғысқа аттаныпты. Соғыста алғы шепте болған атам батырлығымен, қырағылығымен, тапқырлығымен көзге түсіп марапатталады. Бірақ  соғыстан ағасы екеуі елге аман оралады, ал  інісі Мұсақұл хабарсыз кетіпті. «Бауырым тірі, ол келеді»- деген үмітпен өмірінің соңғы сәтіне дейін күн кешкен атам Ділда соғыстан кейінгі колхоздастыру кезеңінде  қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

Бұл кездер жайы әжем жиі айтып отырушы еді: «Атаң өте қатал, еліне адал, талапшыл болатын. Бірде ағасының келіні егістіктен мақтаның таяғын (қозапая) отын ретінде үйіне алып келе жатса, бригадир атам алдынан шығып, «Үкіметтің затын неге сұраусыз аласың?»- деп отын байлаған арқанды қырқып тастаған екен. Бұл өзге түгілі өз жақынына да болыспайтынын, яғни барлық адамға бірдей қарайтынын білдіреді. Осы жайт  өзгелерге сабақ болып, атты кісі көрінсе бәрі «Ділда бригадир» келе жатыр деп айтып отырады екен.

Қатал  болса да бауырмал атам ағасына, әпкелеріне, қарындастарына қамқор бола білді және соғыста әкесінен айрылған Төлбасы, Құрбанбай есімді жиендерін қолына алып, білім алуына  көмектескен және өмірден өз орнын табуға бағыт- бағдар беруші бола білді. Ол кісілер үйге келгенде: «Біз кезінде нағашымның қолында жүріп мектепті тәмәмдадық»- деп айтып отырушы еді. Соңынан олардың бірі колхоз директоры, екіншісі совхозда бас есепші қызметтерін атқарған.

«Бір ұл бар әкеге жете туады, бір ұл бар әкеден кері кете туады» дегендей жалғыз ұлы  Косымбетов Казбек  жыл сайын  совхоздағы еткен еңбегі үшін «Үздік тракторист» атағымен  марапатталады  екен, бірақ  аппендецитпен ауырып көз алдында қайтыс болған ұлының қазасына шыдай алмаған атам араға аз уақыт салып, қайғыдан өзі де қайтыс болады. Осылайша ашаршылықты да, Ұлы Отан соғысын да көрген атам перзентінің қазасын көтере алмапты.

Бұл қандай батыр, батыл, ержүрек болса да, әкенің  перзент үшін шығарда жаны бөлек болатынының бір дәлелі. Мен осындай Отанына адал, ағайындарына бауырмал, айналасына сыйлы адамның ұрпағы  болғаныма мақтанамын.

Ардагердің немересінен келіп жеткен жазба.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған