Мұзафар Әлімбаев. Ораз неге жылады, достары неге күлді?

Редакция таңдауы Тілашар

Алты жасар Ораздың
Ойыншығы бір арба.
Шіркін, ойнап біраз күн,
Шығар ма едік құмардан?!

Көздің жауын алады,
Қол созылар еріксіз.
Ойыншықтың жаңағы
Біреуі жоқ көріксіз…

Сусиыр, танк, самолет,
Піл, арыстан, тоты… бар.
Сыр-бояуы керемет,
Сыңайы жоқ тотығар.

– Ойнайыншы қасыңда,
Самолетің бер, – деді
Айдар келіп досына.
Ораз бірақ бермеді.

Дәурен келді қылқиып,
Пілге тіктеп жанарын.
Ораз енді бұртиып,
Түйді кенет қабағын.

– Сұрамшақтан тақылдақ
Кімі қалды тағы да?!
Өжет Әсем
Жақындап
Жетіп келді жанына.

Ішіне шоқ түсті ме?
Жетпеді Ораз шыдамы.
Ойыншықтар үстіне
Қанат жая құлады.

Сытыр-сытыр ойыншық…
Бытыр-бытыр ойыншық…
Сықыр-сықыр ойыншық…
Күтір-күтір ойыншық…

Несі сынбай шыдады –
Бір құдайым біледі.
Ораз өксіп жылады,
Ал достары күледі…

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған