Сағыныш Ертай: «Менің атам текті еді…»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді. Осыдан 7 жыл бұрын қос бірдей байлығымыздың біреуі дүниеден озғанда қабырғамыздың қайысқаны рас. Отбасындағы жалғыз ер бала – әкемнің шынайы өксіп жылағанын сол кезде көріп ем. Әрине, ондай жанды өлімге қию оңай емес.

Мен ес білгелі атамның қабақ түйгенін, ашуланып, біреуге ренжігенін, дауыс көтеріп, ұрысқанын еш көрген емеспін. Сұңғақ бойлы, сымбатты келген жылы жүзді қалпы, дәл осы суреттегідей күлімсіреп қана жүре беретін. Қандай жағдай болмасын, жай «мұртымен» күліп қана қоя салатын. Нағыз сабырлылықтың, төзімділіктің, байсалдылықтың шын көрінісі, шын насихаттаушысы іспеттес. Мейірім төгілген жылы жүзімен күллі бала-шағаны өзіне тартатын.

Расында, кеңес билігі дүркіреп тұрған заманның небір ауыртпалығы мен солақай саясаттың қиыншылығы бұл кісілерді де айналып өтпеген. Анасынан ерте айырып, тағдыр да аямаған. Әкесі болса, майданға аттанып, басынан қатты жарақат алып оралған екен. Сондай қиын-қыстау шақта еңбекке ертерек араласу үшін, артынан ерген іні-қарындастарын адам қатарына қосайын деп жанталасқан ол 1939 жылы дүниеге келгенімен туған жылын 1937 жыл деп жазып жіберуге мәжбүр болады. Бүкіл өмірін сондай қара жұмыспен өткізген аташым қартайған шағында екі қолы селкілдеп, дірілдейтін дертке шалдықты. Алайда, менің атам еш қынжылған да, мұңайған да емес. Себебі, жанында үнемі біз бар едік. Сіңіліміз екеуміз екі жағынан отырып тамақтандыратынбыз. Қасық ұстауға қолы жарамайтын оның тек кеседегі шайын не айранын өзі еңкейіп ішуге шамасы жететін. Сонда дастарқандағы дәмді тағамды «анадан біраз» деп мұрнымен бір нұсқап қойып, отыра беретін. Иә, ол кісінің басынан бір құс ұшырмайтынбыз.

Әлі есімде, көрші әженің «атаңды алып қоямын» деген қалжыңын шын көріп, сол кісіні көріп қалсам, шыр-пыр боп атамды тығып, көрпешіктермен орап тастайтынмын. Өйткені, ондай ата ешкімде жоқ еді.

Күнде ұйықтар алдында көрпесін жауып, маңдайынан бір иіскеп, «жайлы жатып, жақсы тұрыңыз, ата» деп бірақ жататынбыз. Шіркін, аташымның терісі сіңген тақиясын құшырлана бір иіскесем ғой. Ондай ақжүрек адал жанның жүз жылда бір туары анық.

Атамыз бен әжеміздің жылдар бойы адал маңдай термен жинаған малдары көп еді. Оларды баптап, бағудың өзі қаншама еңбекті керек ететінін ойлағанда таң қаламын. Кейде малдар адасып, жоғалып кеткенде, бәрі жабылып іздейді, бірақ таба алмай дал болатын. Сенесіз бе, ақыр соңында міндетті түрде атам тауып келетін. Сонда әжем «Е, қиындыққа еті үйренген адам ғой, тауып әкеледі» дейтін. Рас, ол әркез өзінің мықтылығын, жігерлігін танытатын. 

Кейініректе, төсек тартып жатқан кезінде, бір түрлі әдет шығарды. Дәл мені шақырып алып: «Сәнди (солай еркелететін), аяқ жағыма бір отырып тұр да, бұрылып, жүріп кет, артыңа қарама» дейтін. Мен мұны аташымның маған айтқан өсиеті деп түсіндім. Тек алға ұмтыл деп тапсырды маған.

9-шы айдың 9-ы, жұма күні ардақты атажанымның ғұмыр сызығы үзілді. Дегенмен, оның есімі әрдайым жүректе, жадымымызда. «Ертай» деген текті есіміңді қай кезде болмасын жаңғыртуға асықпын! Ұлы Жаратушым Жәннат бақтарының бірінің төрінен орын берсінші!

Әрине, уақытты да, сүйікті жандарымызды да артқа қайтара алмаймыз. Тек қана жарқын естеліктер мәңгі жадымызда қала бермек. Қарттарымызды бағалайық, құрметтейік! Олардың асыл қасиеттерін, ерен еңбектерін жас ұрпаққа дәріптейік!

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған