Жомарт Аисбек: «Атам соғыста партизан отрядында болған»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Ашық аспан, бейбіт өмір. Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. 

Мен атамды көрген емеспін.  Әжемнің, әкемнің айтулары бойынша, атам – Игембайұлы Жомарт (шын аты Қасымжомарт)  Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, өзінің туған жерін қорғағанын мақтан етемін. Мектептің дәлізіндегі қабырғада атамның портреті ілінген.  Ауылдағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш гранит тасына атамның есімі ойылып жазылған.

Атам 1922 жылы Семей облысы Жарма ауданы Никольск ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда атам 19 жаста екен. Жарма аудандық әскери  комиссариаты шақыртуымен әскерге алынған. Әскери антын 1942 жылдың 8 ақпанында алған. 36 атқыштар полкісінде атқыш болып жүріп, 1942 жылдың наурызынан, мамыр айына дейін  Харьков түбіндегі сұрапыл айқасқа қатысқан. Атам қызмет еткен бөлімше жау қоршауында қалып, қанша рет бұзып шықпақшы болса да, жау жағы көп, басым болып, олардың бөлімшесі тұтқынға түскен. Украина жерінде немістердің лагерінен бір топ жолдастарымен тұтқыннан қашып шығып, Румыния, Чехословакия елдерінің Карпаты тауларында партизан отрядында болған. 1944 жылы совет әскерлері Европаны азат ете бастағанда атамның отряды да совет әскерінің қатарына қосылған. Бірақ Сталиннің теріс саясатының арқасында,  атамды немістің тұтқынында болғаны үшін  «Отанын сатқан» деген жалған айып тағылып, №58 статьямен сотталып, Солтүстіктегі Варкута қаласына лагерьге айдалды. 1953 жылы Сталин өлген соң, шындық орнап атам толықтай ақталып, өзінің туған жеріне оралған. Бейбітшілік уақытта ауыл шаруашылығында жұмыстар істеді. Содан менің әжем Испай қызы Мәруаға үйленіп, 5 ұл, 1 қызы бар. Олардан тараған немере, шөберелері бар. Мен атамның ең кенже немересімін.

Әжемнің соғыс жылдары түскен суреті, 1945 жыл

Мен атам жайлы көптеген қызықты мәліметтерді әжемнен естіп отырамын. Атамның елі, жері үшін жасаған ерліктерін ести отырып, көңіліме тоқып, өскенде атам секілді елін қорғаған «батыр» болғым келеді. Еліміздегі жүрегі елім деп соққан азматтардың қатарын толықтырсам деймін.

Әжем де соғыс жылдары балалары. Оларға да өте қиын болыпты. Аш жалаңаш жүріп сабақтарын оқыпты. Әжемнің  туған ағасы Исатай ата Сталинград шайқасына қатысып, хабарсыз кеткен.  Айтуы бойынша минометтік расчетінің командирі болыпты. Әжем оны ойлап әлі күнге дейін көзіне жас алады.

Әжемнің ағасы Исатай ата(сол жақтағы), қарулас досымен бірге.

Атам «Германияны жеңгені үшін» медалі- 1958ж, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Екінші дүниежүзілік соғысның жеңісіне 40 жыл»- медалі,  «СССР қарулы  күштеріне 70 жыл» медалімен марапатталған.

Атам 1990 жылы сәуір айында қайтыс болды.

Мен атамды мақтан етемін.

Жомарт Аисбек

ШҚО. Үржар ауданы, Алтыншоқы ауылы, 5 сынып оқушысы.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған