Алма Сайлауқызы: «Атамның 27 немересі, 50 шөбересі бар»

"Менің атам..." байқауы Арнайы жобалар Редакция таңдауы

Мен атамды көрген емеспін. Көріп үлгермедім. Мен жарық дүние есігін ашардан бірнеше жыл бұрын, алпыс жасында өмірден озыпты. Тек атамның маған жеткен, өз қолымен жазған қойын дәптерін көру, соны оқып, түйсінубұйырыпты, өзіме. Атамның аманат етіп қалдырған дүниелерін мұрасын, жиналған хаттарын, сақталған жырларын оқып отырып тамсанамын. Қарасаң көз сүйсінеді. Бейне бір белгілі қаламгер немесе ақынның күнделігінен алынған беттер секілді, ойы терең, ал қолы маржандай… Бойындағы өнер ұшқындарын дамытып, ол саламен түбегейлі айналысқан болса, кім біледі, бәлкім атам халыққа танымал ел жазушыларының бірі болар ма еді? Бірақ қалтарысы көп қатал өмір бұралаңдары, қатыгез соғыс оның өз шығармашылығына дұрыстап көңіл бөлуіне мүмкіндік бермеді деп ойлаймын. Үш әліпбиді (латын әліпбиі, төте жазу, кириллица) қатар меңгеріп, еркін қолданған, өмірін ел қорғау мен адал еңбекке арнаған Сыздық атамның алпыс жылға ғана жеткен мағыналы өмірінің өзі саналы ұрпағы үшін тұнып тұрған өнеге дер едім…

Атам Сыздық Нүркеев 1920 жылы Бестам советіне қарасты Қаратаудың теріскей бетіндегі «Еспе» («Сарышырпы») деген жерде дүниеге келген екен. Орта мектепті, сосын зооветтехникумды бітіріп, енді жұмысқа кіріскелі жүргенде соғыс басталып кетіп, майданға аттанады. Екінші дүниежүзілік соғысынан 1944 жылы оң аяғынан жарақат алып, ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Әйткенмен, дәл сол кездегі қиын ахуалға байланысты майданнан оралысымен-ақ, ауданындағы РАЙЗО-да учаскелік  зоотехник болып қызмет атқара бастайды. 1948-1951 жылдарда бұрынғы «Коммунизм», қазіргі Нартай ауылында №1 қой ферма бастығы болып істесе, одан кейін «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы колхозда басқарма төрағасы қызметін, сосын колхоздың ірі қара, жылқы фермаларын басқарады. Оның бір қасиеті, өте жақсы орындалған немесе орындалмай қалған жұмыстың себептерінің неден болғанын ұқыптылықпен қадағалайды екен. Тіпті өзі орындаған әрбір жұмысына сын көзбен қарап өз қатесін өзі тауып отырған деседі.

Сыздық Нүркеұлының көзін көргендер: «Сөзіне ісі сай, сегіз қырлы, бір сырлы абзал жан еді» деп еске алады. Жас күнінен домбырамен «Саудашы Ишан», «Иманжүсіпке хат» жыр-қиссаларын таң атқанша жырлаған ол, туыс ағасы болып келетін Нартай ақынның қолдауымен, талай жыр дүлділдерімен өлең сайыстарына түскен және шешендік сөздер, өлең-жырлардан өзіндік мұра қалдырған.

Атамның тағы бір қасиеті, замандастарымен өзара сынды жақсы көрген. Сондықтан да өзі қалай басқалардың кемшілігін бетіне батыл айта білсе, өзіне айтылған әділ сынды да батылдықпен мойындап, жөндеудің жолын қарастырады екен. Ол кісінің: «Өзара сын дегеніміз – шын мәнінде болған кемшіліктерді батыл айта білу, бірақ өзара сынды пайдаланып, өтірік жамандап, жала жабу болмасын.

Айтылған  достық пікір өзара сын,Көрсету боп жүрмесін көз аласын.

Жақ-жақ болып, айтысып өнбес іске

Жік салып, бүлдірмеңдер ел арасын», –  деуі –  жоғарыдағы сөзімізге дәлел.

«Отан қорғап, еңбек еттік ел үшін,

Кейінгіге  болсыншы деп өнеге..», –  деп жырлап өткен, Шиелі ауданын өркендетуге ат салысып, еңбек еткен, ауыл шаруашылығының қаһармандарының бірі атанған Сыздық Нүркеевтің азаматтық болмысы, саналы ғұмыры жеткіншек жастарға өнеге болады деген үміттемін.

Менің атам өмірлік жары Ақайдан екеуі он баланың ата-анасы атанып, оларға терең өнеге мен тәрбие, жоғары білім бере алған асыл жандар. Бірі құрылыс саласын басқаруда абыроймен қызмет атқарған инженер болса, екіншісі ішкі істер бөлімінде қажырлы еңбек еткен, ал үшіншісі теміржол саласын меңгерген білікті маман болса, төртінші ұлы әскери қызметімен Отан алдындағы борышын адал атқарған әскери маман болды… Атамның өзі шығармашылыққа жақын болғандығынан болар, үш қызының екеуі суретшілікті таңдады. Сыздық Нүркеевтің барлық балаларынан бүгінде жиырма жеті немере тарап, олардан  елу шөбере өсіп келеді.

Ақындық өнерге бір табан жақын болған менің атам – асылдың сынығындай болып, жеті атасынан берілген жыраулық мектептің сарқыншағын шама-шарқынша өз заманына жеткізген адам. Жалындаған жастық шағы сұм соғыстың күйреуінен жалынға оранып, содан аман қалған болмысымен, барымен базар болып, заман талабының үдесінен шыға білген көреген басшы, ақылды аға, ізетті іні, саналы замандас бола білді деп айта алам. Өзінің әрбір ісімен жора-жолдас, ағайын-туыс, ұл-қыздарына өнеге бола білген ол бүтін бір әулеттің кеңесшісі, сүйеніші, қамқоршысы ғана емес, алға сүйрейтін локомотиві іспеттес еді. Атамның үлкен ұлының үйлену тойында айтқан ақ тілегі әлі сақтаулы: Осыдан 47 жыл бұрын менің ата-анама ақ тілегін жаудыртқан әке тілегі болашақ ұрпағының қандай болу керек екендігін де сөз-моншақпен тізіп, өлеңмен өріп берген екен. Қалың өлең дәптеріндегі сол тілекті барша қазақ жастарына арнасам деймін:

«Бастарың ұл-қыздарым аман болсын,

Өмірі бүгінгідей заман болсын.

Орнасын жер жүзіне бақытты өмір,

Шешуге бейбіт жолмен қадам болсын!

Ылайық заманына өнегелі,

Білімді ұлың-қызың, балаң болсын!

Денсаулық терең байлық дегендей-ақ,

Тепсең темір үзетін шамаң болсын.

Сегіз қырлы, бір сырлы өнер қуған

Ауызда өлең, қолыңда қалам болсын!

Үлкенге ізет, кішіге мейірімді

Ылайық заманына адам болсын.

Әкең менен шешеңнің тілегі сол –

Бар жақсылық Балалар, саған болсын!»

Сыздық немересі Алма Сайлауқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған