Әкенің баласына үйретер 3 нақылы

Педагогика Редакция таңдауы

Сананы тұрмыс билеген шақта бала тәртібін бақылауға уақыт табу əлдеқайда қиын. Соған қарамастан әкенің тәрбие ісіндегі рөлі шешеден кем түспейтінін ескере бермейміз. Сөйтсек, кез-келген әке үйіне сырттан шаршап-шалдығып келгеніне қарамастан әр күн сайын балаларымен қарым-қатынас жасап отыруы біз ойлағаннан әлдеқайда маңызды екен. Осы себепті әке мен бала арасындағы сабақтастық сақталып, мейірім еселеніп, арадағы сүйіспеншілік беки түседі.
Бұл ретте өз тәжірибемде іске асырып, оның тағы жемісін көріп үлгерген жас әке ретінде 3 нақыл сөз туралы айтып өтсем деймін. Жас баланың жүрегіне дəл уақытында орныққан мұндай аталы сөздер оның саналы адам болып қалыптасуына көп септігін тигізері сөзсіз деп есептеймін.

Алғашқы сөз – Бисмиллә

«Алланың атымен бастаймын» деген мағынаны қамтитын бұл сөздің адам баласына тигізер пайдасы ұшан теңіз. Көп адамдар бұл сөзді қорыққанда немесе әлденеден шошынғанда айтумен шектеледі. Ол дұрыс әрине. Бірақ онымен шектелмейді.
Білім иелеріне жүгінетін болсақ, «Бисмиллә» сөзін адам баласы ұйқыдан оянған сәттен бастап қайта ұйқыға кеткенше айтса, өте дұрыс. Мысалы, әжетханаға кірердің алдында немесе киім кигенде. Үйден шыққанда немесе үйге қайта кіргенде. Көлікке отырғанда. Тамақ бастар алдында және тағысын тағы… Бұл сөзді жан-тәнімен сезініп, оны амал-әрекетінде қолданып өскен балаға тіл-көз тимейді. Біз біле бермейтін түрлі бәле-жаладан аман болады. «Бисмиллә» сөзі кез-келген пенденің көңіліне демеу, жанына азық екен.

 Əкенің балаға үйретер екінші сөзі – Ассалаумағалейкүм

Кез-келген қазақ баласы бұл сөзді білуі шарт. Мағынасын да ұғып өскені жөн. Әсіресе тілі шығып келе жатқан балаға бұл сөзді үйреткенде тұрған сөкеттік жоқ. Бұл алғаш балабақшада үйрететін «Сәлеметсіз бе?» сөзіне қарағанда анағұрлым тәрбиелік мәні зор, ұлтымыздың болмысына сіңіп, тамыры тереңге кеткен құнды, құнарлы сөз.
Әкесі жұмыстан келгенде алдынан жүгіріп шығып «Ассалаумағалейкүм» деп мойнына асылса, үйге қонақ келгенде сәлеммен күтіп алып жатса қандай жарасымды.
Бұл өз кезегінде тек сөз тәрбиесі ғана емес, сондай-ақ, руханият, мінез, әдеп тәрбиесі. Сәл ересектеу балаға «Уағалейкүмассалам» деп жауап қайтару керек екенін де ұқтырып қойса артық етпейді.

 Əкенің балаға үйретер үшінші сөзі – Рахмет

Араб тілінен енген бұл сөздің де мән-мағынасы өте бай, тәрбиелік құндылығы жоғары деп айтар едім. Баланың бұл сөзді көкейіне түйіп өсуі оның өзгеге құрметпен қарап, өзіне жақсылық жасаған адамға әрдайым алғыс айтып жүруіне баулиды екен. «Апаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, тәттісін,
Саған таңдап әперді.
Не деу керек?
Рахмет, апа, деу керек», – деген өлең жолдарын бала кезімізде жаттап, жарыса айтып өскен едік. Толық мағынасында «Алла рақым етсін» дегенді білдіретін нақыл сөзді ата-әжелеріміз де тұрмыс-тіршілігінде бекер қолданбағаны анық.
Үйрету ісінде балаңызды асықтырмаңыз. Ең дұрысы мұндай сөздерді әуелі үйдегі ата-анасы айтып, үлгі көрсетіп жүрсе жаттатып жатудың өзі артық. Балалар естігенін біз ойлағаннан да тез қағып алғыш келетініне көбіміздің көзіміз әлдеқашан жеткен шығар деп ойлаймын.

© Азамат Битан

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған