Назгүл Айбарқызы: «Атам сөзге емес, іске бейім еді»

"Менің атам..." байқауы Редакция таңдауы

Мен атамды көрген жоқпын…

Көрмесем де, айналамдағы үлкендердің сөздерінен атамның ерекше тұлға болғанын сезініп өстім. Қашан да қарапайымдылықты, кішілік пен кісілікті жанына жақын тұтқан, сөзден гөрі іске бейім, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, туа бітті табиғи таным қабілетін қоғамға пайдалы іске жұмсай білген тұлға деп танимын. Таныған сайын бойымды мақтаныш керней береді, керней береді… Мақтанатындай тұлға еді…

Бар  саналы  ғұмырын, өнегеге толы еңбек жолдарын тек ел игілігі мен бала тәрбиесіне арнаған атам Сидағалиұлы Жалғас қырық жыл бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасап, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Еңбегімен абырой, атаққа бөленген. Замандастарының құрметін, отбасының берекесін көрген.

Ия, кішкентайынан жетімдіктің зардабын көрген атам әкесінен іште жатып, ал анасынан дүниеге келісімен айырылған. Қарт әжесінің қамқорлығында тәрбиелене жүріп, оқып, білім алған. Әскер қатарында борышын өтеген. 1947 жылы Орал педагогикалық училищесін бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеріп, Чапаев ауданы Алғабас ауылы Киров орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастап, сол мектепте қырық жыл еңбек еткен. Шәкірт тәрбиелеумен қатар артынан ерген жас ұстаздарды да еңбекқорлыққа баулыған. Бұл туралы атамның досы, ардагер ұстаз Хамит Төлеуғалиұлы былайша еске алады: «Барлық саналы өмірін Киров орта мектебінде ұстаздық еткен, осы жерде балалық шағымен өсіп-өнген Сидағалиұлы Жалғасты еске алмауға болмайды. Көп сөйлемейтін, сөйлесе нығырлап жеріне жеткізе сөйлейтін бір беткей, қыр мұрынды келген, байсалды азамат еді. Бастауыш  кластарда сабақ берудің, тәрбие жұмысының қыр-сырын жете меңгерген, бастауыш класс ұстаздарының ұстазы. Абай атамыз «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» дегенде Жалғас сияқты ұстаздың бейнесін елестетсе керек…»

«Өткеннің өнегесінсіз бүгін жоқ» дегендей, бүгінде атамның алдынан білім алып, өмірден өз орындарын тауып, қоғамға адал қызмет етіп жүрген шәкірттері көп. Осындай адал еңбектері еленіп, атам 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1985 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің «Еңбек ардагері» медалімен және Қазақ ССР оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бір кіндіктен туған атамның ағасы Әміржан 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, ерлікпен қаза тапқан. Украинада Чернигов облысы Михайловка селосында бауырластар зиратында жерленген. Сол селодағы орта мектепке Сидагалиев Әміржан аты берілген. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш, абырой. Өкініштісі, артында ұрпағы жоқ. Атам  көзі тірісінде Украинаға іздеп барып, орнына дұға бағыштап қайтқан.

 Атам әжеміз Қазиза екеуі он бала тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарын ешкімнің ала жібін аттамауға, кісінің ақысын жемеуге өз бойындағы қасиеті, іс әрекеті арқылы үйретіп, тәрбиелеп кетті. Бүгінде артында қалған ұрпақтарының тәрбиелі, саналы, өнегелі азамат болып қалыптасуына төккен терінің зая кетпегеніне жасы сексенге келген әжеміз куә.

Атамды көрмегендіктен, кішкентайымнан атасы бар балаларға қызығып өстім. Менің де атам болса ғой, қасынан шықпай әңгіме-ертегісін тыңдап, ақыл-кеңесін ұғып өсер едім деп армандаушы едім. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, атам өмірінің соңғы күндері өзінің ой толғамдарын, ұлағатты сөздері мен ақыл-кеңестерін жазып қалдырған екен. Бүгінде әжемнің сандығында екі қойын кітапшасы сақтаулы. Ауылға барғанда оқып, керегін қажетімізге жаратамыз.

Атам өмірден озғалы 30 жыл. Бұл жүректе өшпес із қалдырып, дүниеден өткен жақын адамыңа деген сағыныштың үстей түсер кезі екені даусыз. Өйткені, «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген бар ғой. Жылыстап өтіп жатқан жылдармен бірге ата тұлғасы да асқақтай береді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған