Зерде Қадырбекқызы. Менің «мылқау атам» немесе иманын сақтаған қарт туралы естелік

"Менің атам..." байқауы Арнайы жобалар Редакция таңдауы

Менің бір емес, екі бірдей атам бар. Әкем үйдегі он төрт баланың ішіндегі бесінші ұл екен. Қазақтың ежелден келе жатқан салты ғой, әкемді атамның ағайыны Әбілмәжін деген атамыз (Әбіш) бауырына басады. Міне, содан бері мен Әбіштің немересімін. Әбіш атам мен тумай тұрып көз жұмып кеткендіктен, ол кісі туралы ештеңе білмейтінмін. Тек үйдегі ескі альбомдардан өзімнің сары апамның жанында отыратын еңселі бір қартты көріп, дәу де болса осы кісі біздің әлгі «ел шошып жүрген» атамыз шығар деп ойлайтынмын да қоятынмын. «Ел шошып» дегенді бекер айтып отырған жоқпын. Себебі, анда-санда өзім түрін де көрмеген сол атам туралы бірдеңе айта қалсам болды, апам шошып, әңгімені басқа жаққа бұрушы еді. Бірақ ол кезде оның себебін сұрастырып, зерттейтін шама қайда?! Өзімнің тілім әзер шығып жүрген кез еді…

Сөйтіп жүргенде арада біраз уақыт өтті. Студент атандым. Анда-санда берілетін екі-үш күндік демалысты пайдаланып тағы да ауылыма қарай тарттым. Мені көрсе болды, апам мен атамды естеріне алып отыратын туыстарымның әдеті ғой, бұл жолы маған ұзақ уақыт қараған бір ағам: «Еее, сенің атаң, жарықтық, асыл адам еді ғой», – деп біраз отырды. – Ол кезде біз баламыз, әйтеуір күнделікті жағатын отын, көмір-су тұратын жер бар еді. Сол жақта атаң үнемі бүкшеңдеп бірдеңе істеп жүретін. Бізді жақындатпайтын. Сөйтсек, ол кісі сол уақытта намаз оқып жүріпті, – деп басын шайқады. Иә, ол кез ел басына күн туып, аузында «Бісмілләсі» бардың бәрі қудаланып, ұсталып, басы алынып жатқан алмағайып заман екен. Осындай қиын-қыстау күндердің бірінде атам кенеттен ауырып, тілінен айырылады. Үн жоқ, мылқау боп қалады. Ешкіммен шаруасы жоқ, тымағын құлағына басып алып, бауын әбден байлайды екен де сол отын-су тұратын үйшікте өз шаруасымен өзі күйбеңдеп жүре береді екен. Елге уағыз айтпақ түгілі «а» деп аузын ашуға жарамайтын мылқау адамды өкімет қайтсін?! Ауыл адамдары уақыт өте келе бұған да үйреніп, «денсаулығы жарамайтын ауру кісіге» жорып кеткен атам тірі жанға сыр алдырмастан тоғыз айдан астам уақыт бойы сол «мылқау» күйінде өмір сүріпті. «Тіпті, балалардың асыр салғанына да кейде шыдамай «Әй, үй!» деп қаламыз ғой, тілі бар адамның осынша уақыт қалайша шыдап, тірі жанға сыр бермей келгені, есепсіз сабырлылығы еріксіз таң қалдырады», – дейді ағам. Бұл жайды тек өлерінде, хал үстінде жатқанда ғана інісі естіген. Атам «Ертең жұма екен ғой» деп қуанып жатқан күйі көз жұмған екен…

Осы оқиғаны естігеннен кейін көп ойландым. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деуші еді ғой қазақ. «Құдай деген мүміннің, аузынан түспес тобасы», – деп Шортанбай ақын айтқандай, бәлкім, біздің осындай тәуелсіз елде, өз жерімізде, өз тіліміз бен дінімізден айырылмай бақытты ғұмыр кешіп жатқанымыз сол иманды, аузынан тәубесі түспеген қазыналы қарттарымыздың қабыл болған дұғаларының себебінен шығар? Біз секілді жас ұрпақтың егемен елде ас та төк ғұмыр кешіп жатқаны – сол бабаларымыздың Аллаға деп жайған алақандары мен еңірегенде етегіне толған көз жастарының өтеуі шығар… Не болса да, өткенннің өнегесі өлшеусіз болғандығы анық.

Бұл оқиғаны дәл бүгін неге еске алып отырмын? Кеше ғана аяқ астынан talbesik.kz сайтының әдемі бір байқау жариялап жатқанын көріп қалдым. «Менің атам» деп аталады екен. Керемет бастама! Себебі, бүгінгі ұрпақ өзге біреуге емес, аузынан Алласы түспеген өз бабасына еліктесе, құба-құп. Небір нәубетті күндерді басынан өткерсе де, жігері жасып, намысы тапталмаған, тілі мен дінін қызғыштай қорып, өмірдің қалтарыстары мен бұлтарыстарынан сүрінбей өткен бұл аталарымыз нағыз «ЖҰЛДЫЗ», «ЕР» деген атаққа лайық.
Ендеше, бүгінгі жас ұрпақ қылышынан қан тамып тұрған сұрқия саясаттың кезінде де тығылып жүріп, қорасынан қазып алған үңгірінде Жаратушысын ұлықтаған текті, жүректі, білекті қазақтың ұрпағы екенін ешқашан ұмытпауы тиіс.

Ақсақалдың немересінен келіп жеткен естелік жазба.  

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған