34 немере, 62 шөбересін қызықтап отырған батыр туралы әңгіме

"Менің атам..." байқауы Арнайы жобалар

Соғыстың хабары келгенде он сегізге жаңа толған жас жігіттің балаң көңілі әлі басыла қоймаған еді. Алда алыс жол, асу бермес өткел тұр. Көңіл құрғыр алабұртып, ойы сан-саққа жүгіреді. Артында атамекені – ауылы қалып барады. Туып-өскен ауылын енді қайта көре ме, көрмей ме, белгісіз. Қасында тай-құлындай тебісіп ойнаған, қара нанды бөліп жеген сенімді он бес серігі бар. Енді бәрі бірге бұрын бармаған беймәлім сапарға, ата-бабасы аяғы тимеген жерге аттанбақ.

«Басқаларды қайдам, менің ойым он саққа жүгіріп, ертеңгі күнді ойладым. Бізді шығарып салушылардың иығымызға арқалатқан аманатының жүгі ауыр. Елге төнген қауіпті сейілтіп, аман-есен оралуларымызды тілейді. Көңілдеріне уайым, көздеріне жас толған абзал да аяулы ата-аналар, сүйікті жарлар, қарындастар, балалар, туған-туыстардың бейнесі біртіндеп артта қалып барады. Олардың елде қалды деген аты ғана. Әсіресе аналардың жігерлі, мықты болып көрінгісі келгенімен, бізді майданға жіберіп тұрғандағы жан қиналысын сездік».

Бұл – қазір 94 жастан асқан Дүйсенбай атамның әңгімесі. Ауылдан аттанғанда өзі куә болған осы көріністі әлі ұмытпайды. Тепсе темір үзердей жас-жас жігіттер сол күні бірден есейіп кеткендей көрінді. Ауылдан ұзай бере қалай да аман-есен оралуды, өздеріне жүктелген сенімге лайық болуды ойлады.

Атам Дүйсенбай Мұсаұлы Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында туып өсті. Өз қатарластары секілді жетіжылдық білім алды. Соғыс басталғанда 18 жастағы бозбала еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңінде, яғни 1942 жылы тамызда әскер қатарына алынды. Ашхабад қаласындағы №7- әскери училищеде жеті ай кіші командирлік оқуда оқыған. Оны тәмамдаған соң 1943 жылы 28 наурызда Бұқара қаласында әскерге алынған жауынгерлерге 3 ай үйрету оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізген. Сол жылдың қыркүйек айында Курск қаласын, Украинаның Сумск облысының аудандарын жау әскерлерінен тазартуға қатысады. Жеңіске жетелеген ең шешуші майдандардың қанша адамның өмірін жалмағаны тарихта әлі де беймәлім. Осы кескілескен ұрыста атам бомба жарықшағынан жарақат алып, ессіз-түссіз 6 күн жатып, есін әзер жияды. Бір ай госпитальдан кейін Днепр бойында 60 армияның 248 бригадасында қорғаныста болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың Днепрден өту операциясы жауынгерлердің жанқиярлық ерлік көрсетуімен ел есінде қалды. Кейбір деректерде Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған азаматтардың көбісі осы майданда көзге түскені айтылады. Дүйсенбай атам 1943 жылғы 7 қазанда таңғы сағат 4-тің шамасында 24 қайықпен 400-дей солдаттың бірі болып себелеген жау оғының астымен Днепрден өткен. Талай боздақ құрбан болып, қайықтар от жалынға оранды. Арада 4 күн өткенде, яғни 11 қазанда Талахун ауданын жау әскерінен тазарту кезінде таң ата қабырғасынан, бір сағаттан кейін аяғынан жараланды. «4408 ЭВК Шкалов» атындағы госпитальда 6 ай жатып емделіп, 1944 жылдың наурызында І топтағы мүгедек болып елге оралған. Содан соғыс салған жарақат еңсе көтертпей, он жылға дейін еңбекке жарамады.

– 1943 жылы соғысқа 16 жауынгер аттанған едік. Бір жылғы төлден елге оралғаны 4-еуі ғана, – деп атам ауыр күрсінді. Үзілген үміттер, оты сөнген ошақтар, ортасына түскен шаңырақтар… Бұл соғыс салған лаң, соғыс әкелген қасірет.

Атам 1951 жылы Базаркүл әжемізбен отау құрды. Бейбіт күнде күрішші, сушы, звено жетекшісі болып жұмыс атқарған. Бүгінде Дүйсенбай ата – ел ақсақалы. Сырдария ауданының Құрметті азаматы. «ІІ дәрежелі Отан соғыс орденімен», «Г.К.Жуковтың 100 жылдығы» медалімен, «Украинаны азат етудің 60 жылдығы» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен, Қармақшы аудандық «Жыл құрылысшысы» алғыс хатымен, «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл» медалімен, «Ұлы Жеңістің 20, 30, 65 жылдығы» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық медалімен марапатталған.

Бақытты шаңырақтан 9 бала түлеп ұшты. Қазір атам 34 немере, 62 шөберенің өсіп-өнгеніне куә болып, келін түсіріп, қыз ұзатып саялы бәйтерекке айналып отыр. Ұрпақтары көңілімізге кірбің ұяласа да, мерейіміз тасып, шат-шадыман күй кешсек те әрдайым осы саялы бәйтеректен пана іздейміз. Іздеген дүниемізді, жауапсыз сұрағымызды сол кісіден тауып, жанға жылу алатынымызды анық білеміз. Жақсылық жасаудың артықшылығын да, өмірдің мәнін де, бейбіт өмірдің қаншалық қымбат екенін де атамыздың жанары мен жан-дүниесінен анық көреміз. Атамыз бізге әрдайым өз білген-көргенін, ақылын айтып, тура жолды көрсетуден танған емес.

«Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген сөздің астары тереңде жатқанын мен осы алып тұлғадан, байсалды жаннан – Дүйсенбай атам мен Базаркүл әжемнің анам арқылы бізге берген тәрбиесінен көріп түсінгендеймін.

Жиен немересі Асылзат Байқадам

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған