Халел Досмұхамедұлы. Үстел үстінде жұмыстанудың тәртібін білесіз бе?

Алаштың әлдиі

Құрметті оқырмандар!

Халқымыздың руханияты жолында күрескен зиялы Халел Досмұхамедұлының бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын жазылып, жарыққа шыққан «Оқушының саулығын сақтау» атты кітапшасымен танысуды әрі қарай жалғастырамыз.

Оқулықта автордың көтерген әр тақырыбы өте өзекті. Біз мұндай мәліметтерді көп жағдайда орыс сайттарынан іздеп тауып, «Ә, осылай екен-ау» деп жүреміз…

Бұл бағытта ұсынатын шығармалардың барлығы да тек әкелер қауымы үшін емес, тұтас қоғам үшін пайдалы боларына сөзсіз сенемін.

Құрметпен, сайт жетекшісі Азамат Битан. 

 

1) Жұмыс қылғанда жарық (терезе, шам) сол жағыңда болсын.

2) Жазу үшін отырғаныңда астыңдағы орындығыңның алдыңғы шеті үстелдің астына 2-5 сантиметр (бір-екі елі) кіріп тұрсын.

Жазғанда тік отыр. Көкірегіңмен үстелдің шетін кидірмелеме.

3) Үстелге отырғанда екі білегіңді шынтағыңа дейін үстелдің үстіне салып отыр. Астыңдағы орындығың аласа болса, үстіне көпшік я бөтен нәрсе салып керегінше биіктет.

4) Үстелге отырғанда табаныңды жерге я еденге тегіс тигізіп тіреп отыр. Аяғың жер (еденге) жетпесе, табаныңның астына тақтай (сандық, жәшік) қойып басып отыр.

5) Үстелде отырғанда аяғыңды орындықтың астына қарай бүкпе не болмаса бір аяғыңды бір аяғыңның үстіне салып айқастырма, аяғыңның тізеңнен төменгі жағы тік тұрсын.

6) Орындықтың үстінде тік отыр. Арқаңды орындықтың арқасына таяп, сүйеніп отыр. Басыңды төмен еңкейтпе.

7) Жазғанда екі білегің шынтаққа дейін тегіс үстелдің үстінде жатсын. Сол қолыңмен қағазды басып, керегінде ілгері жылжытып отыр.

8) Жазатын қағазыңды қымқа, оң жаққа тамандау қарсы алдыңа сал.

9) Оқығанда орындығыңды үстелден аз кем кейіндеу қойып, кітабыңды екі қолыңмен ұста. Кітаптың төменгі жағы үстелге тіреліп тұрсын. Жоғарғы жағы үстелден көтеріңкі болсын.

Оқығанда кітабыңның бетінен көзің ең кем болғанда 32 сантиметрдей (екі сүйемдей) қашықта болсын.

10) Орындыққа отырғанда киімің астында бүктетіліп жатпасын. Сондықтан еркек балалар ықшамдау шалбар, қысқа бешбет киюі керек. Қыз балалар орындыққа көйлектерін тегістеп, бүктесінсіз қылып отыруы керек. Отырып алғасын астындағы көйлегіңді дұрыстаймын деп қолыңмен тартқыштама.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған