Ыбырай Алтынсары. Арғыннан шыққан Жәнібек батыр туралы әңгіме

Алаштың әлдиі

Жәнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін, Қаракерей Соқырабыз дегенді іздеп келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе, қарттықтан екі жағын жібекпен таңып отырған кісі екен, Жәнібекті көріп:
— Сен кай ұлсың? — деді.
— Қошқар ұлымын, — деді.
— Қошқардың адам есті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба? — деді.
— Болармыз, — деді.
— Балам, не жұмысың бар, бұл жақта неғып жүрсің? — деді.
— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп жүр едім, — деді.
— А-а!!! Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап, би болайын деген ұл екенсің алдыңа келсе әділдігіңді аяма — аймағын кетпес алдыңнан; қол бастап жол алайын деген ұл екенсің, жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың кісіге — бір кісі олжа салатұғын, олжанды аямасаң — жолдасың қалмас жаныңнан; жүз жиырма алтыға келіп отырмын, жас күніңде қалың бер де қатын ал, жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уакыты сол, қартайған соң өкінбе, ұлым; қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең — таяғың, қарның ашса — тамағың.
Мұнан шығып, Кіші жүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келді. Келсе бидің елі көш екен, көш үстінде кез болып сәлем беріп, ат үстінен көрісті. Мұнысын жақтырмай, бұл би де сұрады.
— Жаным, қай ұлсың?
— Қошқар ұлымын.
— Ұлым, неғып жүрсің?
Оған да айтты:
— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге жолығып, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл сұрайын деп едім.
— Е! Е! Е! — деді ол. — Азуы алты қарыс арғынның Қошқарұлы Жәнібек, Алшынның, бір алжыған шалын келемеж қылып кетейін деп едім десеңші.
Жәнібек:
— Мен сөз сұраймын деп келсем, көңілімді қайтарды ғой, — деп, атының басын бұрып алып жүріп кетті…
Анадай бара жатқанда, би:
— Әй, Жәнібек, — деп шақырды. Жәнібек артына қарады. Сонда би:
— Атыңның басын бұрма, солай тұр, жүзім кішілігінен бір ауыз сөзбен көңліңді қайтардым: өгізді өрге салма — қанатың талар, жаманға жүзіңді салма — сағың сынар, — деді.

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған