Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ құстың қанша түрін білген?

Алаштың әлдиі

Құсты басқа хайуаннан айыру оңай. Үстінде жәй жүн емес, қауырсын жүн. Аяғы екеу. Алдыңғы аяқтардың орнында қанат, тұмсығының ұшында тері орнына мүйіз. Денесі ұшуға қайым біткен. Құс баласын жұмыртқа күйінде табады. Жұмыртқасын біраз басқан соң, балапан шығады. Кей құстардың балапаны жұмыртқадан шығысымен, тез аяқтанады, енесінің соңынан еріп, тамағын теріп жеуге жарайды. Кей құстардың балапаны жұмыртқадан шыққан соң да, көпке дейін өз бетімен тамақ теріп жемек түгіл, жүруге жарамайды. Ондай балапандарды қанаттанып, ұшқанша ата-анасы асырайды. Құс біткеннің құлағы сақ, көзі қырағы болады, бірақ дәм, иіс сезуі нашар болады. Құстар ұшып жүре алатын болған соң, қайда жүрсе де ерікті, бірақ олардың да үйреншікті жерлері болады. Көбі біздің жаққа жаз келіп, жайлап, қысқа қарсы жылы жаққа кетеді. Олар жыл құсы деп аталады. Жыл құстары да зиян көрмеген болса, үйренген жеріне қайтып келеді.

Құстар толып жатқан тапқа бөлінеді. Ол таптар толып жатқан тұқымға бөлінеді. Құстың тұқым түрі он мыңнан астам. Оның бәрін білуге қиын. Құс біткен ең әуелі желінетін, желінбейтін болып айырылады. Желінетін құстардың адам етін, жұмыртқасын жейді, жүнін, түбітін, қанатын пайдаланады. Бұлардың бірсыпыралары шөл сағалайды. Адал құстардың балапандары тез аяқтанады. Бұл адал құстардың бір толық белгісі.

Құс біткен 20 тапқа бөлінеді. Оның ішінде қазақ білетіндері: қу, құтан, құр, бірқазан, кегір, дуадақ, тоқылдақ, тоты, балықшы, қара құс, қарға, көгершін, көкек, торғай. Құстың бірсыпыраларын адам қолға үйреткен. Олардың біреулерін еті, жүні, жұмыртқасы үшін шаруашылықпен ұстайды. Біреулерін әуестікпен ұстайды. Біреулерін аңшылықпен ұстайды. Еті, жүні, жұмыртқасы үшін ұстайтын құстар: көбінесе тауық, күрке тауық, қаз, үйрек, қырғауыл. Әуестікпен ұстайтын: тоты, сауық тоты, көгершін, бұлбұл және басқа сайрайтын құстар. Аңшылықпен ұсталатын: бүркіт, сұңқар, лашын, тұйғын, қаршыға, қырғи және басқалар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған