Балаңызды қазақ мектебіне беруге 7 себеп

Алаң

Бірінші себеп – Қазақстан демографиясы, қазақ үлесі. Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16 199,2 мың адам, оның 6 534,6 мыңы, яғни 41 пайызы қазақ ұлты еді. Ал орыс ұлты 6 227,5 мың, яғни 38 пайызын ұстайтын еді. Ал қазір ше? Бүгінгі көрсеткіш бойынша Қазақстан халқының саны – 18 миллион 22 мың 500 адам, оның ішінде 12 миллион 780 мың адам, яғни 71 пайыз қазақтар, 3 миллион 710 мың адам, яғни 20,6 пайыз орыстар, 613 мың адам, яғни 3,4 пайызы өзбектер. Бұл санды мәліметтер есті адамды ойландырса керек. Қазақ санының күн санап артуы мен Қазақстандағы орыс ұлты санының күн санап кемуі Қазақстандағы орыс тілінің қаласа да, қаламаса да құлдырауы екені ақиқат.

Екінші себеп – орыс тілінің әлемдік аясының тарылуы. Кеңестік кезеңдерде әлемнің 400 миллионға жуық адамы орыс тілін ресми қолданса, бүгінде бұл көрсеткіш 200 миллионға жетпейді. Негізінен, жалғыз Ресейдің мемлекеттік тілі. Бұл – халықаралық тілдер тобындағы орыс тілінің ешқандай да әлемдік орнының жоқ екенінің дәлелі. Не өзі тұратын елдің мемлекеттік тілі емес, не әлемдік орны жоқ, құлдырап бара жатқан тілдегі мектепке баласын беру баласының болашағына жасалған қиянат демеске шара жоқ.

Үшінші себеп – қазақ мектептерінің білім сапасының артуы. Кезінде алғаш мектепке барып жүрген кезде қазақ мектептерінде білім жоқ, орыс мектептері жақсы білім береді деген қолдан жасалған ертегі бар еді. Бірақ уақыт оның да өтірік екенін дәлелдеді. Сандар сөйлесін:

2016 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 толық балын жинаған 19 оқушының бәрі тек қазақ сыныбының түлегі, республика бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен 10 мектептің 8-і таза қазақ мектебі, бірі орыс, бірі аралас мектеп.

2017 жылы 139 балл жинаған Тасан Саят Елтайұлы қазақ мектебінің түлегі, 2017 жылғы үздік көрсеткіш те қазақ мектептерінің еншісінде.

Соңғы бес жылда ҰБТ нәтижесі бойынша да, жалпы рейтинг бойынша да қазақ мектептері оқ бойы озық тұр. Мысалы, Астана қаласының үздік 10 мектебінің қатарындағы 8-і таза қазақ мектебі.

Әлемдік пәндік олимпиадада оза шауып алтыннан алқа тағынып, елдің атын шығарып жүргендер де қазақ мектептерінің оқушылары немесе қазақ-түрік лицейлерінің түлектері (қазақ-түрік лицейінде орыс сыныбы деген түсінік атымен жоқ) екені жасырын емес.

Білім саласындағы қандай бәсекеде де басты бәсекелес қазақ мектептерінің арасында жүретін бүгінгі сала мамандарына жасырын емес.

Төртінші себеп – білім гранттарының бөлінуі. Қазақстан Республикасы жоғары білім гранттары 2014 жылы 65 пайыз қазақ тобы, 35 пайыз орыс тобына, 2015 жылы 75 пайыз қазақ тобы, 25 пайыз орыс тобына, 2016 жылы да 75 пайыз қазақ тобы, 25 пайыз орыс тобына бөлінген. Ал биыл, 2017 жылы жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек өтініш беріп, олардың 67 627-сі (76,3 пайыз) қазақ тілінде және 20 968-і (23,6 пайыз) орыс тілінде тапсыруға өтініш берген. Бұл көрсеткіштер біз қанша сақтап қалуға тырысқанмен де, жоғары оқу орнындағы орыс топтары көп өтпей жабылатындығының дәлелі. Оның үстіне соңғы жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында орыс топтарының орнына ағылшын тілі топтары ашылып жатқаны анық. Енді орыс мектебіне берген балаңызды болашақта қаламасаңыз да Ресейге апарып оқытасыз, әйтпесе қазақ сыныбына жетектейсіз…

Ал төменгі буында да сол жағдай. Мысалы Назарбаев зияткерлік мектептеріне тапсырушы түлектердің үлесіне қарайық. Мәселен, Астана қаласындағы екі Назарбаев зияткерлік мектебіне 1185 оқушы қазақ сыныбына, 520 оқушы орыс сыныбына өтініш берген. Бұл зияткерлік мектептердің де біртіндеп таза қазақ мектептері қатарына өтетіні анық.

Бесінші себеп – мектептердегі қазақ сыныптарының үлесі. Қазір еліміз бойынша 83 пайыз бала қазақ сыныптарында, 16 пайызға жуық бала орыс сыныбында, 1 пайызға жетпейтін бала өзге тілді мектептерде білім алады. Ал өткен жылы, 2016 жылы 1-сыныпқа барғандардың 89 пайызы қазақ сыныбына, 10 пайыздан асар-аспасы орыс сыныбына барғанын ескерсек, болашақта орыс сыныптарын бітірушілер қазіргі өзге тілді мектепті бітірушілер секілді Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсыруға мәжбүр екені анық. Себебі өзі 10 пайызға жетпейтін орыс сыныптары балаларының жартысынан көбі Қазақ елінде оқымайтын этникалық орыстар екенін есерсек, болашақта жоғары оқу орнына түсуге тапсырушылардың орыстілді үлесі 5 пайызға жетпейтіні ешқандай да құпия емес.

Алтыншы себеп – үш тілді оқыту жүйесінің орнауы. Шынын айтқанда, ешқандай үш тілді бағдарлама жоқ, оның аты үш тілді оқыту болғанымен, заты қос тілді оқыту бағдарламасы екені бағдарламаның жүйесін көріп жүрген бізге түсінікті. Президент Н.Назарбаевтың 2017 жылғы халыққа арнаған жолдауында: «…атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет», – дейді.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деді. Қараңыз, орыс тіліне емес, қазақ тіліне аударылады. Бұл үрдіс Қазақстанда болашақта әлденеше есеге дамиды.

Жетінші себеп – орыстілді сапалы маман тапшылығы. Оған дәлел, 2017 жылы 4 шілде күні Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі Facebook-тағы парақшасында: «Қазіргі таңда орыс сыныптарына сабақ беретін бастауыш мамандарының тапшылығына байланысты 1-ші орыс сыныптарына құжаттар уақытша қабылданбайды. Мұғалім алған күні қабылдау бойынша ақпарат жариялаймыз», – деген хабар таратты. Міне, енді орыс сыныбына сапалы маман табу түгіл, мамандық иесін табудың өзі үлкен мәселе.

Осы үрдіспен шынайы қарасақ, болашақта тіпті орыс мектебі деген түсінік жоғалатын күн де алыс емес. Қарапайым мысал, Астана қаласына көшіп келгеннен бері бірде-бір таза орыс мектебі ашылмады, орыс тілінде білім беріп келген мектептердің біразы аралас мектепке, тіпті таза қазақ мектептеріне айналып үлгергенін көріп отырмыз.

Аятжан Ахметжан

(мақаладан үзінді)

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған