Қиғырлар туралы білесіз бе?

Редакция таңдауы

Қиғырлар деп – тісі пышақтай өткір мақұлықтар аталады. Олар  13 топқа бөлінеді. Оның ішінде қазақ білетін таптары: тышқан, тиын, суыр, қоян, қосаяқ, құндыз. Қиғырлар жер жүзіне тегіс тараған мақұлықтар. Бұлардың қорек қылатын нәрселері бұтаның жапырағы, шыбығы, тамыры, ағаштың қабығы, астықтың дәні, жеміс және кейбіреулері мақұлықтың етін де жейді.

Қиғырлардан зиян бар, пайда жоқ. Мәселен, тышқанның қап тесер, көртышқан  дейтін тұқымдарынан түк пайда жоқ, зияны көп. Адамның азыққа сақтаған нәрселерін жегенімен тұрмай, қанша бұйымды қиып, турап, бүлдіріп, қандай зияндар келтіреді. Суыр тобына жататын саршұнақ егінді қиып, ініне тасып, астыққа қандай зияны тиеді. Қоянның етін, терісін адамдар пайдаланғанмен ағашқа, бұтаға, ағаш еккен бақшаға шыбықтарын қиып, жапырақтарын жеп, қабықтарын кеміріп, қандай бүлдіреді.

Қиғырлардың жауы көп, басын қорғар қаруы жоқ. Бұларды аңдар да, құстар да, адамдар да аулайды. Солардан я қашып құтылады, я ініне кіріп жасырынып құтылады. Жауы көп болса да, тұқымы құрымайтындығы өсімталдығынан.Мақұлықтар арасында қиғырлар төлшіл болады. Мәселен, тышқандар жылына 5-6 рет балалайды. Әр балалағанында 5-6 баладан табады. Балалары сол жылдың өзінде-ақ өсіп, балалайды.

Қиғырлардың қолға үйреткен бір ғана тұқымы бар, ол қоянның көжекше деген тұқымы. Мұның көжекше деп аталатыны: үлкендігі ор қоянның аяқтанған көжегінің үлкендігіндей ғана болады. Мұны еті, терісі, жүні үшін асырайды. Басқа қиғырлардың бәрі де әлі тағы күйінде. Оларды адам көбінесе терісі үшін аулайды. Қиғырлар арасында терісі қымбаты – құндыз бен тиын. Басқалараның терісі онша пұлды емес. Тышқандардың терісі түк пайдаға аспайды. Қазақ жерінде құндыз жоқ. Қазақ аулайтыны қоян мен суыр. Қоянды тазы, бүркіт, қақпанмен ұстайды. Суырды ініне су құйып ұстайды.

Ахмет Байтұрсынұлының алты томдық шығармалар жинағы

                                                                                                                                                                                                          

Бөлісіңіз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған